28.04.2023 _ 11:30

Заңнамадағы жаңашылдықтар мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді – ОКҚ брифингі

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Самат Сағындықов еліміздегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы айтып берді.

Спикердің айтуынша, МЖӘ туралы заңнамаға толықтырулар әзірлеу кезінде жоспарлау тәсілдері қайта қаралды. Енді орталық және жергілікті атқарушы органдар жыл сайын МЖӘ тетігі арқылы жобаларды іске асыру жөніндегі ұсыныстарды қалыптастыру үшін әлеуметтік-экономикалық міндеттердің тізбесін бекітуі тиіс. Бұл тізбе орталықтың порталында орналастырылатын болады. 

Жаңартылған заңнамада мемлекеттік сатып алуды МЖӘ арқылы сыбайлас жемқорлықпен айналып өту тәуекелдерін жоюға ерекше назар аударылды. Бұл МЖӘ-нің қосымша белгісін - жобада инвестициялық және пайдалану кезеңдерінің міндетті түрде болуын бекіту арқылы қамтамасыз етіледі. 

«Яғни, мемлекеттік қолдау шаралары ұзақ мерзімге жеке серіктес объектіні салуға немесе жаңғыртуға инвестиция салған, сондай-ақ одан әрі оны пайдаланатын және осы объектіде қызмет көрсететін жағдайда ғана ұсынылады», - деді АҚ басқарма төрағасы.

Бұл ретте спикер МЖӘ жобасындағы жеке серіктес қымбаттау, аяқталмаған құрылыс тәуекелдерін өз мойнына алатынын, ал төлемдер жоба дайын болған жағдайда ғана басталатынын еске салды.

«Жеке меншігінде объектілері бар сервистік келісімшарт шеңберінде жеке серіктес МЖӘ-нің басқа жобаларындағыдай серіктеске мемлекет қойған тиімділік критерийлеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін жоба шеңберінде инвестициялар құюға, өз мүлкін салуға немесе жақсартуға міндетті. Осылайша, объект оның жеке меншігінде қалады, ал мемлекет жеке әріптесінен сапалы қызметтерді сатып алады», - деді АҚ басшысы. 

Халықаралық тәжірибені ескере отырып, заңнамада жеке бастаманы іске асырудың екі әдісі қарастырылған: конкурс арқылы және тікелей келіссөз арқылы. Жеке бастама жағдайында жеке инвестор жобаны дербес әзірлеп, оны мемлекетке ұсына алады. Келісу сараптамалары жүргізілгеннен кейін ашық конкурс өткізіледі. 

Тікелей келіссөздер Үкіметтің шешімі негізінде бірегей объектіні және технологиялар трансфертін құруды көздейтін жобалар бойынша ғана жүргізілетін болады.

«МЖӘ нарығын жандандыру әлеуметтік салада МЖӘ кешенді бағдарламасын дайындау және іске асыру жолымен жоспарлануда. Заңнамалық жұмыс МЖӘ тиімділігін арттыруға, инвесторларды тартуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді басқарма төрағасы.