10.05.2023 _ 14:20

Ішкі істер саласын цифрландырудың арқасында заң бұзушылықтардың жолын кесу артты – ҚР ІІМ

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев ішкі істер саласын цифрландыру туралы баяндады.

Оның айтуынша, саланы цифрландыру арқылы бюрократиядан арылту және оңтайландыру процесі басталған. Нәтижесінде полиция қызметкерлерінің назары құқық бұзушылық профилактикасына, яғни басты міндеттерін орындауға бағытталуда.

«Барлық полиция бөлімшелері бейнебақылау камераларымен жабдықталған. 18 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Бұл жұмыс қылмыстық атқару жүйесіндегі мекемелерде де іске асырылуда. Бейнебақылаудың арқасында 14 мың оқиға мен заң бұзушылық анықталды,  79 суицид пен 11 түрмеден қашу әрекетінің жолы кесілді», – деді спикер.

Азаматтардың қауіпсіздігі үшін мектептер мен қоғамдық орындарда да бейнебақылау камералары орнатылып жатыр.

Сонымен қатар жол қозғалысын қадағалау процесі де цифрландырылуда. Атап айтқанда, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін анықтайтын автоматты жүйелер саны артқан, бүгінде олардың саны 18 мыңнан асады. Өткен жылдың өзінде осы жүйелер арқылы 4 млн астам заң бұзушылық анықталған.

«Мұндай камералар жүргізушілерді тәртіпке келтіріп жатыр. Бұл ретте құқық бұзушы мен полиция арасында тікелей байланыс жоқ, яғни заңсыз шешім қабылдауға мүмкіндік те жоқ», – деді министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, патрульдік көліктерде орнатылған мобильді автоматты радарлар да осындай принцип бойынша жұмыс істейді. Қазір елімізде мұндай 84 құрал бар, олар өз тиімділігін жақсы көрсетіп жатыр.

«Осындай бір ғана заманауи радар орта есеппен 20-25 автопатрульге тең келетін бұзушылықтар санын анықтайды. Қандай да бір түзетулер енгізу немесе фотосуреттер мен бейнедеректерді жою мүмкіндігі жоқ. Бұзушылықтар туралы ақпарат дереу, автоматты түрде Бас прокуратураның арнайы есептер комитетіне жіберіледі», – деді М. Қожаев.

Сонымен қатар еліміздің 16 қаласында «Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасы енгізілген.

«Мысалы, қауіпті жүргізуші жол ережесін бірнеше рет бұзып келе жатса, қорғау жүйесі ол туралы инспектордың планшетіне дереу хабарлама жібереді. Полиция қызметкері дереу әрекет етіп, қайғылы жағдайдың жолын кеседі. Осындай шаралардың арқасында жол-көлік оқиғаларының саны 11%-ға, қаза тапқандар саны 7%-ға, жарақат алатындар 16%-ға азайды, жаяу жүргіншілер арасында қаза болғандар 24%-ға төмендеді», – деді ішкі істер саласының өкілі.

Бұдан басқа, полицейлер арнайы мобильдік қосымшасы бар заманауи бейнетіркегіштермен жабдықталған. Соның арқасында олар жедел басқару орталығына оқиға орнынан онлайн трансляция жібере алады. Олардың бұл бейнелерді жоюға және өңдеуге мүмкіндігі жоқ.

«Азаматтарға ыңғайлы болу үшін 102 мобильді қосымшасы әзірленіп, іске асырылды. Бұл мобильді қосымшада SOS түймесі көзделген. Егер бір оқиға болып, сол түймеге басып, қоңырау шалынса, оператор өтініш берушінің орналасқан жерін дербес анықтап, оқиға орнына жақын жердегі полиция жасағын жіберуге мүмкіндігі бар. Бүгінгі күні осы қосымша арқылы 206 мың хабарлама келіп түсті, оның ішінде 55 мыңнан астам хабарлама түрлі мессенджерлер арқылы түскен», – деп түйіндеді М. Қожаев.