Астанада осы күндері Қазақстан машина жасаушыларының 11-ші форумы өтіп жатыр. Вице-министр бұл форум өзін машина жасау кәсіпорындарының алдында тұрған мәселелері мен сын-тегеуріндердің кең ауқымын қамтитын пікірталас алаңы ретінде танытқанын атап өтті. Оның сөзінше, машина жасау - кез келген индустриялық дамыған экономиканың маңызды саласы, себебі, барлық жабдықтар, машиналар, станоктар, аспаптар сондай-ақ халыққа арналған тауарлар өндіріледі. Машина жасау экономиканың барлық салалары қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Бүгінде Қазақстан өнеркәсібінде машина жасаудың үлесі 6% құрайды. Бұл шамамен ЖІӨ-нің 1,5%-ы ғана. Әрине, алда атқарылатын талай жұмыс бар.
«Қазақстанның машина жасау саласында қазіргі таңда 3800 кәсіпорын қызмет етуде. Статискалық мәліметтерге сәйкес ол кәсіпорындарда, 116 мың адам жұмыспен қамтылған. 2022 жылы өнім шығару көлемі 3,1 трлн теңгеге жетті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 31%-ға өсімді көрсетуде. Оның ішінде бұған 2022 жылы құны 230 млрд теңгеден асатын 250 инвестициялық жобаны іске қосу ықпал етті», – деді І. Оспанов.
Биыл үш айдың қорытындысы бойынша сала өнеркәсіптегі көшбасшылардың біріне айналған. Өндіріс 36%-ға өсіп, көлемі 829 млрд теңгені құрады. Саланың өсімі - 135%.
«Бұдан басқа, 2023 жылы салада құны шамамен 230 млрд теңгені құрайтын 36 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде жүк автомобильдеріне арналған құрауыштар шойын құю зауыты, жел энергетикалық қондырғыларына арналған мұнаралар өндіру зауыты, тұрмыстық техника шығару зауыты, қазақстандық мұнай жабдығы зауыты, мобильдік бұрғылар, қондырғылар өндіру және т.б. жобалар көзделген», – деді спикер.
Саланы дамытудың белгіленген стратегиясын ұстану мақсатында 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасы бекітіліп, іске асырылуда. Осы Жол картасы шеңберінде Өнеркәсіптік саясат туралы заң жобасы әзірленіп, қабылданды, Өнеркәсіптік даму қоры құрылды. Қазіргі таңда машина жасауды дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленуде. Ол саланы дамыту үшін базалық жағдайларды жақсарту, ішкі нарықта отандық өнімді ілгерілету, машина жасау өнімдерінің экспортын ынталандыру және дамыту жөніндегі міндеттерді шешуге бағытталған машина жасауды дамытудың стратегиялық құжаты, деп атап өтті вице-министр.
«Форум аясында машина жасау кәсіпорындарының қатысуымен өтетін сессияларда әзірленіп жатқан кешенді жоспар жобасы тағы да әрі қарай талқыланады. Форум қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп, құжатқа енгізілгенге дейін жарияланатын болады», – деп түйіндеді министрлік өкілі.