15.05.2023 _ 11:10

Биыл жұмысшы мамандықтарды таңдайтын мектеп түлектері үшін 130 мыңға жуық мемлекеттік тапсырыс бөлінді

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова ел мектептерінде биылғы оқу жылының қалай аяқталатыны жайлы айтып берді.

Вице-министрдің сөзінше, биылғы оқу жылын 18 мыңнан астам мектепке дейінгі, мектептер және кәсіби техникалық білім беру мекемелері аяқтайды. Бұл мекемелердің барлығында 5 млн астам оқушы мен тәрбиеленушілер білім алуда. 2022-2023 оқу жылын 288 мыңнан астам 9-сынып түлектері бітіреді. Олардың алдында қазір таңдау бар -  бұл оқушылар өз оқуларын келесі оқу жылында 10-сыныпта немесе кәсіби техникалық білім мекемелерінде, колледждержде жалғастыра алады.

«Тағы бір ақпаратым, биылғы оқу жылында да, былтырғы оқу жылындағыдай, 9-сыныптың түлектерін оқуға қабылдау аттестаттың орташа баллы негізінде жүзеге асырылады, емтихандар тапсырылмайды. Сондықтан жұмысшы мамандықтарын немесе орта біліктілік мамандығын таңдайтын түлектер үшін биыл 130 мыңға жуық мемлекеттік тапсырыс орындары бөлінген. Осы оқу жылын 172 мың 11-сынып оқушысы бітірді, бұл - меншік нысанына қарамастан барлық білім мекемелерінің түлектері», – деді білім саласының өкілі. 

Ол мектептердегі оқу мерзімі 31 мамырда аяқталатынын жеткізді. Бұл күні барлық мектептерде әдеттегідей, сабақ кестесіне сәйкес оқу сабақтары жүргізіліп, оқу сабақтарының соңында әрбір сынып жетекшісі сынып сағатын өткізеді.  

«Сынып  сағаттарының негізгі мақсаты – сынып үшін оқу жылын қорытындылау және алдағы 90 күнге созылатын жазғы демалыс кезеңіне бағдарлама беру», – деді вице-министр.