18.05.2023 _ 14:20

Вейптегі никотин мөлшері жай темекідегі никотин мөлшерінен 68-70 есе көп – ОКҚ-дағы дөңгелек үстел

«Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ Басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, Еуразиялық респираторлық қоғамның президенті Абай Байгенжин Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен дөңгелек үстелге өзімен бірге биыл қыста балалар сауықтыру лагерінде демалған қазақстандық оқушылар пайдаланып, лақтырып тастаған бір реттік вейптер салған сөмкесін ала келді.

Оларды дәрігерге елімізді шарпыған індеттің ауқымын көрсету үшін аталған сауықтыру лагерінің директоры тапсырған. Сөмкеден 20-ға жуық алуан түрлі және түрлі-түсті безендірілген мундштук шықты. Бұл бір тәулік ішінде бір ғана урнадан жиналғаны! Қазақстанда ұлдар мен қыздар арасында вейптерді қолданудың өсуі соңғы жылдары 17,6% құрады.

А.Байгенжиннің айтуынша, электрондық темекінің алғашқы буыны 2011 жылы шыққан. 2017 жылға дейін олардың құрамында тек никотин, жағымсыз иісі болды және аса танымал болмады. Алайда, 2017 жылы хош иістендірілген электронды темекі пайда болды. Бір жылдан кейін америкалық дәрігерлер дабыл қаға бастады, өйткені жоғары сынып оқушылары арасында вейптерді тұтыну көрсеткіші күрт асқан. 

Вейп өндірушілер олардың мүлдем зиянсыз екенін айтады. Бірақ олай емес. Олар оны мультфильм кейіпкерлерінің суреттерімен, кәмпиттер тәрізді етіп сәндейді.

«Мұның бәрі өндірушілердің балалар мен жасөспірімдерді никотин тұтынуға тартуға бағытталған айла-шарғыларын анық көрсетеді», – деді басқарма төрағасы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының классификациясы бойынша электронды темекілер мен вейптер екеуі бір нәрсе. Қазақстандық санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің зерттеуіне сәйкес, вейптердегі никотин мөлшері жай темекідегі никотин мөлшерінен 68-70 есе көп. 

Дөңгелек үстелге қатысушылар вейптерді өндірушілерге қарсы ақпараттық соғыс жариялады және бірқатар нақты талаптар қойды. Ең алдымен, елімізде жарқын безендірілген вейптерге тыйым салу керек. Хош иісті қоспалары бар вейптерді әкелуге және сатуға толығымен тыйым салынуға тиіс.