19.05.2023 _ 14:10

Қазақстанның жаңа саяси-әкімшілік картасы шығарылды – ОКҚ брифингі

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов Қазақстанның жаңа саяси-әкімшілік картасын әзірлеуге не себеп болғаны туралы айтып берді.

Спикердің сөзінше, геодезия мен картография елдің дамуында маңызды рөл атқарады. Географиялық, картографиялық, геокеңістіктік деректер көптеген салаларда, жеке секторда қолданылады.

«Былтыр Мемлекет басшысының Жарлығымен үш жаңа облыс – Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды. Үкімет іс-шаралар жоспарын бекітті, оның тармақтарының бірі Қазақстан Республикасының саяси картасын және өзгерістер орын алған 6 облыстың тақырыптық карталарын өзектендіру болды. Бұл үш жаңа өңір, сондай-ақ Қарағанды, Талдықорған және Шығыс Қазақстан облыстары», – деді вице-министр.

Оның айтуынша, Қазақстанның саяси-әкімшілік картасы 1:1,5 млн масштабымен жасалды, Қарағанды, Алматы және ШҚО карталары жаңартылды, сондай-ақ Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының 1:1 млн масштабтағы карталары әзірленді. 

«Сондай-ақ 1:25 мың масштабымен Қарағанды, Семей, Өскемен қалаларының жоспар-схемалары және 1:10 мың масштабымен Жезқазған, Қонаев, Талдықорған қалаларының жоспар-схемалары жаңартылып дайындалды», - деп түйіндеді ЦДИАӨМ вице-министрі.