Шараға Еурокомиссияның атқарушы вице-президенті Валдис Домбровскис, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің Басшысы Ақылбек Жапаров, Тәжікстан Премьер-Министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары Жамшид Ходжаев, Түрікменстанның қаржы және экономика министрі Сердар Джораев, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо және Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті Тереза Червинская қатысты.
«Біз Еуропалық Одақпен ынтымақтастықтың екіжақты форматта және өңіраралық деңгейде қарқынды дамуын қолдаймыз. Өңір елдерінің ортақ күш-жігерінің арқасында бүгінде Орталық Азия белсенді дамып келе жатқан “үлкен мүмкіндіктер” аймағы болып отыр. Елдеріміз бір-бірін үйлесімді түрде толықтырады, ал басты тірегі сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастық болып қала бермек», — деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр өткен жылдың қорытындысы бойынша Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы тауар айналымы 61%-ға ұлғайып, $49 млрд-ты құрағанын айтып өтті. Бұл ретте осы көрсеткішті айтарлықтай ұлғайту үшін елеулі резервтер бар.
«Біз инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және өзара сауда-саттықты әртараптандыруға мүдделіміз. Қазірдің өзінде еуропалық капиталдың қатысуымен 3 мыңнан астам компания Қазақстан экономикасының түрлі секторларында табысты жұмыс істеуде, олардың қатарында Shell, Eni, Total, Air Liquide, Alstom, Siemens, Linde Group сияқты ірі әлемдік компаниялар бар», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Қазақстан ЕО-ға машина жасау, темір және болат өндірісі, тамақ өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда жылына $2,3 млрд-тан астам сомаға өңделген тауарлардың 175-тен астам түрін ұсына алады. Атап айтқанда, ірі астық өндіруші ретінде Қазақстанның әлем елдерін азық-түлікпен қамтамасыз етуде ЕО-ның стратегиялық серіктесі болуға мүмкіндігі бар.
«Қазақстан Орталық Азияда “жасыл” энергетикаға көшуді ынталандыруға дайын. Осы тұрғыда “жасыл” инвестицияларды тартудағы маңызды платформа саналатын тәуелсіз Соты және Халықаралық төрелік орталығы бар британиялық құқыққа негізделген “Астана” халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін атап өткім келеді», — деді Премьер-Министр.
Әлихан Смайылов Орталық Азияда маңызды көлік бағыттары мен қарқынды дамып келе жатқан нарық шоғырланғанын атап өтті. Бұл ретте Қазақстанның географиялық жағдайы, сондай-ақ елдің дамыған көлік инфрақұрылымы көлік және логистика саласындағы ынтымақтастыққа кең мүмкіндіктер ашады.
«Сонымен қатар біз еліміздің аумағында, яғни, Алматы агломерациясында және Батыс Қазақстан облысында екі ірі сауда-логистикалық хабты іске асырамыз. Олар Қытай, Орталық Азия, Еуропа және Таяу Шығыс арасындағы сауда-логистикалық бағыттарды байланыстырады», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағытының қарқынды дамуын атап өтті. Осылайша, бірлескен күш-жігердің арқасында Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау мерзімі үш есеге – 53 күннен 19-23 күнге дейін қысқарды. Бұл бағыттағы келесі мақсат – осы жылдың соңына дейін жүк тасымалдау мерзімін 14-18 күнге дейін азайту.
«Бұл ретте Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымалдау мерзімі 2 есеге – 12 күннен 6 күнге дейін қысқартылды, біз оны жыл соңына дейін 5 күнге дейін қысқартуға тырысамыз», — деп атап өтті Премьер-Министр.
Ол Қазақстан өз алдына аймақтағы ең ірі цифрлық зертханалардың бірі болуды көздейтін стратегиялық мақсат қойғанын атап өтті. Қазірдің өзінде елімізде тиісті банктік экожүйелер қарқынды дамып келеді, цифрлық коммерцияның қарқынды өсуі байқалады және мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау бойынша жұмыс жүргізілуде.
«Биыл наурыз айында Microsoft корпорациясы Қазақстанда озық технологиялар мен ноу-хауды тарту орталығына айналатын мультиаймақтық хабтың ашылғаны туралы хабарлады. Хаб тек Орталық Азияны ғана емес, Әзербайжан, Армения, Грузия, Моңғолия және Пәкістан елдерін де қамтиды», — деді Премьер-Министр.