22.05.2023 _ 14:10

Биыл «Серпін» бағдарламасына өзгерістер енгізілді – жоғары білім вице-министрі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев 2023 жылғы ҰБТ өткізу туралы айтып берді.

Өткен аптада елімізде маңызды науқандардың бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Осы тестілеу нәтижесінде түлектер мемлекеттік грант конкурсына қатыса алады. Вице-министрдің айтуынша, ҰБТ-ға қатысуға 166 мың талапкер өтініш білдірген.  

«Гранттың 60%-ы инженерлік-техникалық мамандықтарға бағытталады, сонымен қатар тығыз орналасқан және батыс аймақтардың жастары үшін арнайы гранттар бөлінген. 2023 жылы өңірлік ЖОО-ларға бөлінетін педагогикалық квоталардың саны артты – 6 280 грант бөлінген. Ал «Серпін» бағдарламасы бойынша 3 653 грант бөлінді», – деді Қ. Ерғалиев.

Ол биыл «Серпін» бағдарламасына қатысты екі өзгеріс бар екенін айтты. Біріншіден, бағдарламаны өтеу мерзімі қысқарған: ол бұрын үш жыл болса, қазір екі жылды құрайды. Сондай-ақ бұрын жұмыспен өтеу оқыған аймақта ғана болатын болса, қазіргі таңда басқа да осы бағдарламаға қатысқан аймақтарда жұмыс істеуге және өтеуге болады.  

«Биыл  білім беру гранттарының жалпы саны 88 мың. Оның ішінде бакалавриатқа – 73 мың грант, магистратураға – 13 мың грант және докторантураға 1890 грант бөлінді. Грантқа құжаттарды қабылдау және оның иегерлерінің тізімін жариялау күндерінде биыл өзгерістер жоқ», – деді вице-министр.

Яғни 13-20 шілде аралығында грантқа құжаттар қабылдау, ал грант иегерлерінің тізімін 10 тамызға дейін жариялау жоспарланған. ЖОО-ларға да қабылдау әдеттегідей, 25 тамызға дейін жүзеге асырылатын болады. 

«ҰБТ жылына бес рет өткізіледі. Ақылы негізде оқу үшін қаңтар-наурыз айларында өтті, сонымен қатар тамыз айында да өтетін болады. Ал грантқа қатысу үшін мамыр және маусым айларында өтетін болып отыр. Осы қаңтарда өткен ҰБТ-ға 123 мың адам қатысты, солардың 83%-ы шекті балл алды. Сонымен қатар наурызда өткен ҰБТ-ға 111 мың бала қатысты, нәтижесінде 83%-ы шекті деңгейден асты», – деп нақтылады жоғары білім саласының өкілі.