22.05.2023 _ 14:20

ҰБТ жайлы не білу керек?

ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте биыл ҰБТ-ға енгізілген жаңашылдықтар туралы хабардар етті.

Оның айтуынша, биылғы ҰБТ-ның негізгі артықшылықтарының бірі – оны тапсыруға екі мүмкіндік беріліп, тестілеуші екі нәтижеден ең жақсысын таңдап грант иелену үшін конкурсқа қатыса алады. Биыл бұл норма заңнамалық тұрғыда бекітілген. Сонымен қатар екі мүмкіндікте де түлек бір бейіндік пәндер комбинациясын таңдауы керек.

Тест тапсыру тілі бойынша, балалардың 75%-ы қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде және 0,14%-ы ағылшын тілінде емтихан тапсыруға ниет білдірген. Биыл тестілеу форматында өзгерістер жоқ, пәндер саны бесеу:  үш міндетті және екі бейіндік пән. Барлығы 120 тест сұрағы болады. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат.  

«Басты жаңашылдықтарына келетін болсақ, «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. «Қазақстан тарихының» бір нұсқасына 20 тест тапсырмасы болады, ал «Оқу сауаттылығында» 15 тест сұрағы болады. Биылдан бастап «Информатика» ҰБТ бейіндік пәндер комбинациясының тізіміне енгізілді. Осыған байланысты «Информатика» мұғалімдерін даярлау, «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» сияқты бағдарламалардың топтарына балалар «Математика - Информатика» комбинациясын тапсырады», – деп нақтылады спикер.

Биыл шекті баллдарда да өзгеріс болмайды: құқық және педагогикалық ғылымдар бойынша – 75 балл, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету, медицина бойынша – кемінде 70 балл, ауыл шаруашылығы және биоресурстар, ветеринария бағыттары бойынша – 60 балл. Ұлттық ЖОО-ларда шекті балл – 65 балл, басқа оқу орындарында – кемінде 50 балл жинау керек, деп түсіндірді вице-министр.

Ол ҰБТ өткізу барысында академиялық адалдықты сақтау үшін 2022 жылы енгізілген «1 компьютер, 2 камера, 1 тестіленуші» қағидаты сақталатынын айтты. Сонымен қатар өткен жылдан бастап тест нұсқалары таңбаланады, яғни ҰБТ қатысушысының әрқайсының өзінің жеке тест нұсқасы болады. Тыйым салынған заттарды тестілеуге енгізуге тырысқан және тестілеу кезінде ереже бұзған балалардың нәтижелері жойылады.  

«Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға да арнайы жағдай жасалған. Мысалы, ҰБТ тапсыру үшін осындай балаларға қосымша 40 минут уақыт беріледі. Сонымен қатар сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды. Осы және басқа да шаралар нәтижесінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың саны артып келеді. Мысалы, 2021 жылы 90 бала болса, былтырдың өзінде 500-ге жуық бала ҰБТ емтиханына қатысты», – деді Қ. Ерғалиев.