29.05.2023 _ 15:44

Президент «Қызылжар-Сүт» фермасына барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына сапары аясында «Қызылжар-Сүт» фермасының жұмысымен танысты.

Президентке сүт фермасындағы сауын цехы және мал бордақылау алаңы көрсетіліп, осы кешенде қолданылатын сүт өндіру технологиясы таныстырылды.

Тауарлық сүт фермасының бірінші кезеңі 2020 жылы іске қосылған. Былтыр кәсіпорынға 366 миллион теңге инвестициялық субсидия бөлінген және Германиядан симментал және голштин асыл тұқымды ірі қара сатып әкелінген. Ферма 60 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Президент Солтүстік Қазақстан өңірінде мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін арттыруға мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.

– Біз мұндай өндірістік жобаларға міндетті түрде қолдау көрсетеміз. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жеңілдікпен кредит беру өз тиімділігін көрсетті. Яғни, қаржыландыру жағынан мәселе болмауға тиіс. Сүт өндірісін тиісті деңгейде ұйымдастыру керек. Бүкіл ел бойынша өз-өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз  ететін деңгейге жетуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Облысы әкімінің орынбасары Марат Тасмағамбетовтың айтуынша, қазіргі таңда аймақта жыл сайын 650 мың тоннадан астам сүт өндіріледі. Бұл  – республика бойынша өндірілетін  сүт көлемінің 10 пайызы. Соңғы бес жылда облыста 16,5 мың бас ірі қараға есептелген 30 сүт фермасы ашылды. Биылдан бастап тағы да 17 тауарлық сүт фермасын ашу үшін қосымша 54,9 млрд теңге бөлінеді.

Жалпы, облыста агроөнеркәсіп саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін жеңілдікпен кредит беру механизмі іске қосылған. Өңірді кешенді дамыту бағдарламасы аясында «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жалпы құны 35 миллиард теңгеге 35 жоба қаржыландырылды. Атап айтқанда, мемлекет қолдауымен 21 сүт фермасы және 2 құс фабрикасы ашылды. Тағы бір құс фабрикасы алдағы уақытта пайдалануға беріледі. Ет өнімдерін шығаруға маманданған «EMC-Агро» ЖШС кешеніндегі мал саны 200 мың басқа дейін көбейіп, қосымша 180 жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар май сығатын зауыт, жылыжай, суармалы егістік,  асыл тұқымды қой шаруашылығы секілді бірнеше бағытта түрлі жоба жүзеге асырыла бастады.

Президент агроөнеркәсіп кешені басшыларымен және қарапайым жұмысшылармен әңгімелесті. Олар мемлекет тарапынан жан-жақты қолдаудың нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысында мал шаруашылығының дамуы тың қарқын алғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы адал еңбегімен елді көркейтуге, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін ауыл еңбеккерлеріне алғыс айтты.

Сонымен қатар Президент облыс басшылығына  жаңа фермаларды іске қосу және қолданыстағы шаруашылықтардың өндірістік қуатын арттыру арқылы сүт өндірісі бағытындағы мал шаруашылығын одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берді.