31.05.2023 _ 11:20

Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасы әзірленді – ОКҚ брифингі

Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник елімізде Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте медициналық көмектің қалай ұйымдастырылғаны, профилактиканың пайдасы туралы айтты.

Спикердің айтуынша, елімізде жыл сайын ең көп таралған ауруларды ерте анықтау үшін тұрғындарға скрининг жүргізіледі. Мәселен, биылғы жылдың бірінші тоқсанында ғана скринингпен 3 млн астам адам қамтылды. Аурудың ерте белгілері бар 94 мың адам анықталды.

Қатерлі ісік статистикасы тым жоғары. Мәселен, Қазақстанда жыл сайын 37 мыңнан астам адам қатерлі ісік ауруына шалдығады, 14 мыңнан астам адам қайтыс болады. Бүгінгі таңда осындай диагнозбен 200 мың пациент есепте тұр. Бұл ретте науқастардың 55%-ы – еңбекке қабілетті жаста.

«Онкологиялық аурулардың құрылымында бірінші орында сүт безі обыры, екінші орында өкпе обыры тұр», – деді вице-министр.

Елдегі онкологиялық аурулары бар науқастардың 29%-ы нөлдік және ерте сатысында анықталады, бұл медициналық қызмет сапасының жақсарғанын көрсетеді. Онкологиямен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсетудің бекітілген стандарты да осы мақсаттарға бағытталған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспардың жобасы әзірленді, ол бес бағыттан тұрады», – деді В.Дудник. Бұл бағыттардың қатарына профилактика, ерте диагностика, мамандандырылған емдеуді дамыту, паллиативтік көмек және оңалту, сондай-ақ кадрлық әлеует пен ғылымды дамыту жатады.

Денсаулық сақтау министрлігі ауыл тұрғындарын да назардан тыс қалдырмайды. Вице-министр атап өткендей, бүгінде елімізде профилактикалық диагностика мен медициналық қызметтердің кең спектрін ұсынатын 150 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Олармен 500-ге жуық елді мекен қамтылған. Ауыл халқынан 748 мың адам тексерілді.

«Биылғы жылдың сәуір айында 112 елді мекенді қамту жоспарланып отырған «Салауатты Қазақстан» медициналық пойызы іске қосылды», – деп түйіндеді вице-министр.