Сұрақтар негізінен экологиялық проблемаларға, қоқыс полигондарына, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге, су және орман шаруашылықтарына, сондай-ақ Семей ядролық сынақ полигонына қатысты болды. Барлық сұрақтарға толық жауаптар берілді.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, республиканың әрбір өңірі үшін экологиялық мәселелерді шешу бойынша Жол картасы әзірленгені атап өтілді. Абай облысының Жол картасында 22 іс-шара қарастырылған.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы экомониторинг нәтижелері атмосфералық ауаның ластану деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға төмендегенін көрсетті. Бұған табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру арқылы қол жеткізілді.
Сондай-ақ облыс бойынша қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 17% құрады, ал ҚТҚ жинау және әкету қызметтерімен өңір халқының 66%-ы қамтылды. Бөлек жинау облыстың 2 елді мекенінде енгізілді және қалдықтарды басқару бойынша 56 кәсіпорын жұмыс істейді (республика бойынша барлығы 768).
Облыстың су шаруашылығы саласында 2023 жылдың соңына дейін «Жарма ауданының «орталық» су торабы мен магистральдық каналы бар Шар су қоймасының құрылыстарын қайта жаңарту» және «Тарбағатай ауданының Қарғыба өзеніндегі бөгеттік су қабылдағышты қайта жаңарту» жобалары бойынша екі авариялық құрылысты реконструкциялауды аяқтау көзделген.
«Биыл Абай облысында 5100 га алқапқа 23,9 млн дана ағаш отырғызу жоспарлануда. Биылғы көктемгі орман-мәдени жұмыстар басталғаннан бері 1785,8 га алқапқа 8,5 млн дана ағаш отырғызылды», – деді З. Сүлейменова Орман шаруашылығын дамыту мәселесі бойынша.
Бұл жұмыс Президенттің 2 млрд ағаш отырғызу бастамасы аясында жүргізілуде.