01.06.2023 _ 10:33

Маусым айынан бастап жаңа ауыз су станциясын кезең-кезеңімен қолданысқа бере бастаймыз - Астана әкімі

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында су қысымына қатысты мәселе қалай шешілетінін мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Достар, өздеріңіз білетіндей, бірер айдан бері «Астана Су Арнасы» су қысымын төмендетуге мәжбүр болды. Кейбір тұрғын үй кешендерінде сорғыларына байланысты қиындықтар туындады, мамандар арнайы барып, басқарушы компанияларға жүйелерді қайта жөндеу ісіне көмектесті.

Маусым айынан бастап біз жаңа ауыз су станциясын (ССС-3) кезең-кезеңімен қолданысқа бере бастаймыз: алдымен іске қосу әрі жөндеу жұмысы жүргізіліп, жүйені тексереміз, содан кейін күніне 35 мың текше метр су береміз. Тамыз айында күніне 105 мың текше метр көлемде іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл қаладағы сумен жабдықтау мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді. Оның ішінде құрылыс жұмысы жүріп жатқан аудандар да бар.

Алдымызда жылыту маусымының мәселесі де бар. Қала өсіп келеді, тұрғын үй, әлеуметтік және өзге де нысандар саны артып келеді. Оның бәрін жылыту керек. Қаламызда жылыту маусымы орта есеппен алғанда 7-8 айға созылады. Мұның бәрі тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің нысандарына үлкен күш түсіреді.

Аталмыш мәселені шешу үшін осыған дейін екі газ жылыту станциясының («Тұран», «Оңтүстік-Шығыс») құрылысы басталған болатын. Сондай-ақ ЖЭО-3 бойынша да жұмыс жүріп жатыр, ол құрылысы ұзаққа созылған нысанға айналды. Осы нысандардың құрылысын аяқтап, 2023-2024 жылыту маусымына олардың қуатын ескере отырып, іске қосуды міндеттедім.

Мердігерлер жауапкершілікті толықтай білуі керек», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.