01.06.2023 _ 11:40

Әрбір өңірде жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі іс-шаралар іске асырылып жатыр

ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығы Әсет Оспанов балалар қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі мен құқығының қорғалуына тоқталды.

ІІМ өз тарапынан тұрақты негізде жедел профилактикалық іс-шараларды және құқық қорғау бағытындағы акцияларды жүргізеді. Мысалы, «Балалар - түнгі қалада» іс-шарасы барысында түнгі уақытта көшеде және ойын-сауық мекемелерінде мақсатсыз жүрген балалар анықталып, ата-анасы жауапкершілікке тартылады.

«Биыл 7-9 маусым аралығында елімізде «Жасөсіріп» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізу жоспарланған. Оның мақсаты – жасөспірімдер арасында құыққ бұзушылықты болдырмау», – деді ІІМ өкілі.

Ол жазғы кезеңде балалардың үйден тыс жерде көп уақыт өткізетініне байланысты әрбір өңірде жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі іс-шаралар іске асырылып жатқанын айтты. Бұл шаралар кәмелетке толмағандарға алкоголь мен темекі бұйымдарын сату фактілерін анықтауға, олардың ойын-сауық мекемелерінде және түнгі уақытта көшелерде жүруіне, сондай-ақ балалардың жаппай демалу орындарында қоғамдық тәртіпті сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған.

«Кәмелеттік жасқа толмаған балалар ойын сауық орындарында сағат 22.00-ге дейін болуына болады. Ал тұрғын үйлерден тыс жерлерде сағат 23.00-ге дейін болуына рұқсат беріледі. Осы талаптар бұзылған кезде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 442-бабының 1-бөлігіне сәйкес бала ойын-сауық орталығында жүрсе, ата-анасына 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе түнгі уақытта үйден тыс жерде жүрсе ата-анасына ескерту жасалады», – деді Ә. Оспанов.

Өз кезегінде дөңгелек үстелге қатысқан ТЖМ Өртке қарсы қызметі комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов балалар тәрбиеленетін барлық мекемелерде интерактивті сабақтар мен түсіндіру жұмыстары, оқу-жаттығулар жүргізілетінін атап айтты. Сонымен қатар ТЖМ балалар арасында судан қорғау, сейсмикалық қауіпсіздік бойынша да шараларды қолға алған.