01.06.2023 _ 16:06

ІІМ: Қазақстанда 34 млн алаяқтық қоңырау бұғатталды

Соңғы жылдары банк қызметкерлерінің атынан жасалған телефон алаяқтықтары жиілеп кетті. Қылмыскерлер көбіне нөмірді ауыстыру қызметін пайдаланады. Былтыр полиция қызметкерлері осындай 3600 қылмысты анықтады, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігі.

Осыған байланысты ведомство оларды бұғаттау мәселесін көтерді. Ведомство Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, “Ксеll”, “КаР-Тел”, “Altel” және “Теle2” ұялы байланыс операторларының антифрод-жүйелерінің дерекқорларын біріктіруді ұйымдастырды.

Қабылданған техникалық шаралар қазақстандық абоненттік нөмірлерге халықаралық трафик арқылы өтетін фрод-қоңырауларды тануға және бұғаттауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде былтыр 6 айда 19 млн алаяқтық қоңырау бұғатталды, ал биыл жыл басынан бері анықталған қоңыраулар 15 млн-нан асады.

Осындай қылмыстар жасауға қатысы бар адамдарды анықтау, оның ішінде “call-орталықтар” деп аталатын қызметті бейтараптандыру және жолын кесу бойынша шаралар қабылдануда. Мәселен, өткен жылы ел аумағында интернет-алаяқтық кезінде ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан 5 трансұлттық қылмыстық топ анықталып, жолы кесілді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде IP-телефонияны пайдаланумен байланысты телефон алаяқтығының саны екі есе төмендеген.