2026 жылға дейін облыста 306 млрд теңге сомасына 92 маңызды инвестициялық жоба іске асырылады. Бұл 260 мың тоннадан астам ұн мен жарма өнімдерін, 62 мың тоннаға барлық ет түрлерін, жылына 54 мың тоннаға өсімдік майын, 45 мың тоннаға шикі сүт, 10 мың тоннаға көкөніс өндіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қоса, етті және сүтті мал шаруашылығын одан әрі дамыту аясында биыл 2,5 мың ірі қара мал басын сатып алу арқылы 46 етті ферма және 4 мың ірі қара мал басына 11 сүтті-тауарлы ферма құрылады. Біздің облыста ет, құс шаруашылығы бойынша зор мүмкіндік бар, деп атап өтті әкім.
Ол республикадағы ірі кәсіпорындардың бірі Макинск құс фабрикасының жұмысына тоқталды. Құс фабрикасының екінші кезегі іске қосылғаннан кейін бір жыл өткен соң кәсіпорын толық қуаттылығына шығып, шамамен 60 мың тонна құс етін өндіре бастады, 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша, құс фабрикасы орналасқан Бұлаңды ауданында жұмыспен қамту көрсеткіші көтерілді, халықтың жағдайы жақсарды.
«Биыл сәуірде үшінші кезектің құрылысы аяқталды. Ол шамамен 500 адамды жұмысқа орналастыру арқылы құс еті бойынша өндірістік қуаттылықты жылына 90 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Осы және басқа да жетістіктерге тиісті мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде қол жеткізілді. Биыл аграрлық салаға шамамен 106 млрд теңге бөлінді. Осылайша мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі және диқандар үшін барынша қолайлы жағдай жасалуда», - деді Е. Маржықпаев.
Ол өңірге инвестиция тартуға ерекше назар аударылатынын айтты. Биыл 4 айда облыс экономикасына өткен жылғы деңгейге қарағанда 19%-ға өсіммен 180,5 млрд теңге тартылған, оның ішінде жеке инвестициялардың үлесі 90% құрайды. Шетелдік инвестициялар көлемі өткен жылғы деңгейге қарағанда 1,5 есе өсіммен 22,5 млрд теңге құраған. Биыл жыл басынан бері жеке инвестиция есебінен 28,6 млрд теңгеге 16 жоба жүзеге асырылып, 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды.
«Жалпы 2023 жылы Ақмола облысында 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашу арқылы 193 млрд теңгеге 192 жобаны іске қосу жоспарланды», - деп нақтылады әкім.