10.06.2023 _ 12:30

Үкіметте Абай облысындағы ірі табиғи өртті жою шаралары талқыланды

Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ірі табиғи өртті жою және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті техникалық және адами ресурстардың барлығы жұмылдырылғанын атап өтті.

Қазіргі кезде өрттің жалпы ауданы 60 мың га-дан асады. Оны сөндіруге ТЖМ, Қорғаныс министрлігі, ІІМ, ЭТРМ және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылған. Атап айтқанда, 800-ге жуық адам, 190 техника және 8 тікұшақ тартылды.

ТЖМ деректеріне сай, өрт Талица, Каштак, Барышевка, Успенка, Поднебесное және Камышенка елді мекендеріне қарай үш бағытта таралуда. ТЖ ауданын қалың түтін басқанымен, жоғары бетінде лапылдап жанып жатқан жоқ, оған ауа райы жақсы әсер етті – түнде және таңертең сіркіреп жаңбыр жауды.

Авиациялық техника белсенді жұмыс істеп жатыр. Оған қоса ТЖ орнына қосымша күштер мен құралдар тартылуда. Қатты өртеніп жатқан учаскелерде техника үздіксіз жұмыс істеуі үшін су жеткізіліп отырады. Азаматтар үшін уақытша орналастыру орындары жабдықталған. Елді мекендерге төнген қауіп сейілді. Жұмыс – бақылауда.

Сонымен қатар қабылданған шаралар туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова баяндама жасады.

Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ірі табиғи өртті жою және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті техникалық және адами ресурстардың барлығы жұмылдырылғанын атап өтті. Сондай-ақ Әлихан Смайылов қосымша техника мен қызметкерлердің өрт сөндіру орындарына жедел жетуін қамтамасыз етуді талап етті.

Сонымен қатар Премьер-Министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне төтенше жағдайдан зардап шеккен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету мәселесін пысықтауды, Денсаулық сақтау министрлігіне қажет болған жағдайда азаматтарға уақытылы медициналық көмек көрсету мәселесін бақылауда ұстауды, ІІМ-ге қоғамдық тәртіпті сақтауды және тұрғындар мүлкін қарауды тапсырды.