Бүгінде Қазақстанда 277 306 медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде 79 мыңнан астамы – дәрігер және 198 мыңы – орта медицина персоналы.
Дәрігерлердің еңбегін асыра бағалау мүмкін емес: миллиондаған адам оларға өміріне араша түскені, қолдау көрсеткені, үміт бергені және қалыпты өмірге оралуға септігін тигізгені үшін алғыс айтады.
Отандық медицинаның бірегей операциялар, оның ішінде жүрекке ота жасау, сирек кездесетін ауруларды емдеудің аса тиімді әдістерін енгізу, әлемде COVID-19-ға қарсы қолданылып жүрген 14 вакцинаның бірі «QazVac» екпесін әзірлеу сияқты бірқатар жетістіктері бар. Қазақстандық дәрігерлер рекордтық нәтижеге қол жеткізді – денесінің 94%-ын күйік шалған науқас жазылып шықты.
Ұлт денсаулығын нығайту – мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда ауылдық елді мекендердің тұрғындарына ірі қалаларға бармай-ақ мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек алуға мүмкіндік беретін «Ауылдық денсаулық сақтау саласын модернизациялау» ұлттық жобасы қолға алынды. Сонымен қатар онкологиялық қызметті кешенді модернизациялау жоспарланған.
Дәрігер деген кең ұғым, қастерлі мамандық. Медицина қызметкерлерінің қоғамдағы беделін арттыру үшін бірқатар заңнамалық түзетулер пысықталуда, оның ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы белгіленбек. Оның материалдық сыйақысы да бар.