20.06.2023 _ 12:24

Балабақшада әлеуметтік осал топ санатындағы отбасының балаларын тегін тамақпен қамтамасыз ету мәселесі 11 өңірде шешімін тапты – Оқу-ағарту министрлігі

«Әлеуметтік осал топ санатындағы отбасының балалары балабақшада тегін тамақтанып, барлық бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі», делінген Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында.
Балабақшада әлеуметтік осал топ санатындағы отбасының балаларын тегін тамақпен қамтамасыз ету мәселесі 11 өңірде шешімін тапты – Оқу-ағарту министрлігі

ҚР Оқу-ағарту министрлігі бұл міндетті атқару барысы туралы хабардар етті.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тегін тамақпен қамтамасыз ету мәселесі Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Абай, Ұлытау, Жетісу, Жамбыл, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарында шешілді. 9 өңірде – Алматы және Шымкент қалаларында, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Алматы облыстарында – мәслихат отырысында маусым айының соңына дейін бюджет бекітіледі. 1 қыркүйектен бастап балабақшаларда осал топ санатындағы отбасы балалары 100% қамтылады.

Сонымен қатар 9 өңірде бастауыш сыныптар бойынша мәселе шешілді. Атап айтқанда, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Қызылорда облыстарында және Астана, Алматы, Шымкент қалаларында.

Алматы, Ақтөбе, Ақмола, Жамбыл, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында мәслихат сессиялары өткізілді, қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Қостанай облысында бұл жұмыстар ішінара орындалды. Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында маусым-шілде айларында мәслихат отырысында бюджет бекітілмек.

1-4 сынып аралығында 1 млн 500 мың бала оқиды, оның 58,6% тегін тамақпен қамтамасыз етілген.