24.06.2023 _ 10:54

ҚР СІМ: Сукуктың әмбебап қаржы құралы АҚИҰ семинарында қаралды

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен (АҚИҰ) бірлесіп «Ауыл шаруашылығына инвестициялар үшін Сукук» тақырыбында семинарын өткізді.
ҚР СІМ: Сукуктың әмбебап қаржы құралы АҚИҰ семинарында қаралды

Семинарға ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тұмыш, АҚИҰ Бас директоры Ерлан Байдәулет, ҚР мемлекеттік органдары мен ведомстволарының, қазақстандық және шетелдік компаниялардың, елімізде аккредиттелген дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.

Қатысушылар Батыс облигацияларының исламдық аналогы болып табылатын Сукуктың әртүрлі аспектілерін және оның ауыл шаруашылығы секторындағы маңыздылығын егжей-тегжейлі қарастырды.

Кіріспе сөзінде Е. Қарашөкеев исламдық қаржыландыру нарығына шығу және оны зерделеу отандық агроөнеркәсіп кешенін қаржыландырудың қосымша көздерін тартуда басымдық болып табылатынын атап өтті.

Өз сөзінде Қ. Тұмыш ауыл шаруашылығына инвестициялар үшін Сукук туралы хабардарлықты арттырудың өзектілігін атап өтті және іс-шараға қатысушылардың назарын Қазақстан ислам қаржысы үшін Орталық Азия хабы болып табылатындығына аударды. Осы тұрғыда Астана халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін тарта отырып, Сукук тетіктері арқылы Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) өңірінде азық-түлік өнімдерін жеткізудің экспортқа бағдарланған тізбегін құрудың орындылығын атап өтті.

Семинарға қатысушылар Сукук ИЫҰ кеңістігінде инвестициялар мен қаржыландырудың ең қуатты құралдарының бірі бола алады деген пікірге келді, себебі Сукукты пайдалану ішкі капитал нарықтарында өтімділікті арттыруға, экономиканың нақты секторына шетелдік инвестицияларды тартуға ықпал етуі мүмкін.

АҚИҰ өкілдерінің пікірінше Сукукты Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторына интеграциялау ауыл шаруашылығының барлық салаларының тұрақты өсуіне мүмкіндік береді.

Анықтама: Ислам ынтымақтастығы ұйымы шеңберінде АҚИҰ құру туралы бастама Қазақстанға тиесілі. Қазіргі уақытта ұйымның құрамына ИЫҰ-ға мүше 37 мемлекет кіреді. АҚИҰ қызметі ауыл шаруашылығы мен азық-түлік әлеуетін дамыту саласындағы мұсылман әлемінің күш-жігерін жұмылдыруға бағытталған.