26.06.2023 _ 11:10

Құрбан айт: салт-дәстүр мен ережелер

28 маусым – Құрбан айт мейрамының алғашқы күні. Құрбан шалудың уақыты 28 маусым күні айт намазы оқылып болғаннан кейін басталып, 30 маусым кешкі ақшам намазына дейін жалғасады. Айт намазы Астана қаласында таңғы 06.00-де басталады. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚДМБ төрағасының кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай мәлімдеді.

Айт күндері жасалатын игі істердің ең абзалы – құрбан шалу. Құрбан айт күндері құрбан шалуға шамасы келген дәулетті, қажетінен тыс зекеттің есеп мөлшеріне жеткен азат, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, құрбан айт уақытында жолаушы болмаған мұсылманға уәжіп, яғни  міндет.

«Барлық мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандыққа шалынатын мал төрт түліктің, яғни қой, ешкі, сиыр секілді бірі болуы керек», – деді Кенжетай Дүйсенбай.

Елімізде құрбан шалу рәсімі онлайн және оффлайн форматта өтеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ел азаматтарына әсіресе, қала тұрғындарына құрбан шалу рәсімін қашықтықтан өткізуге арналған qurban2023.kz сайтын іске қосты. ҚДМБ төрағасының кеңесшісі барша мұсылман қауымын мүфтияттың «Раббың үшін құрбан шал» акциясына үлес қосып, сауапты істерде белсенді болуға шақырды.

«Біз қазір қасиетті Зүлхиджа айында отырмыз. Бұл айда мұсылмандар құрбан шалады, әрі бес парыздың бірі болған қажылығын өтейді. ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, сонымен қатар 4 мың отандасымыз қазір қасиетті Меккеде. Қажыларымыздың ниеті мен дұғасы қабыл болып, елімізге аман-есен оралуын тілейміз. Алла тағала еліміз бен жерімізге берекесін жаудырып, шалған құрбандықтарымызды, берген садақаларымызды айт күндері амалға асырған әрбір игі істерімізді қабыл еткей!», – деп түйіндеді ол.