29.06.2023 _ 11:10

Қазақстанда 2025 жылдан бастап АӘК тағайындау үшін кедейлік шегі медиандық табыс есебінен айқындалады – Еңбек министрлігі

Әлеуметтік кодекс1 шілдеде күшіне енеді. Кодексте мемлекеттік қолдаудың жаңа парадигмасы қарастырылған, оның негізінде әлеуметтік тәуекелдерді болдырмау жөніндегі, сондай-ақ әлеуметтік тәуекелдердің салдарымен күресуге бағытталған атаулы шаралар көзделген. ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Әлеуметтік кодекстің новеллалары туралы хабардар етті.

Қазақстанда отбасыларды әлеуметтік қолдауды айқындау процесі цифрландырылуда, бұл ретте Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) маңызды рөл атқарады.

«Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың заманауи ақпараттық жүйелері негізінде қалыптастырылады. Бұл жерде біздің негізгі міндетіміз - қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сондықтан Кодексте Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде бекітілді», – деді Еңбек министрлігінің өкілі.

Сонымен қатар ОЦК азаматтарды отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәртебесі мен әл-ауқаты дәрежесіне байланысты оларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау туралы хабардар етеді. Хабарламаны әрбір отбасына орталық мемлекеттік орган SMS-хабарламалар түрінде жібереді. Жәрдемақылар мен төлемдер ақпараттық жүйеде бар мәліметтер негізінде азаматтарға проактивті форматта тағайындала бастады. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен алынып тасталады.

«Екінші новелла – бұл ана мен баланы мысалға келтіріп айтсақ, мемлекеттік қолдаудың жаңа парадигмасы. Мұнда әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу үшін атаулы шаралар негізге алынған», – деді А. Сарбасов.

Әлеуметтік кодексте балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көзделген: бала күтімі бойынша төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту; атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті монетизациялау; «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған әйелдерге наградталған аналар мәртебесін беру және 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген әйелдерге берілетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен емес, медиандық табыс есебінен айқындалатын болады.