05.07.2023 _ 11:20

Әскери оркестрлер фестиваліне Қазақстанның атынан 3 ұжым қатысады

«Астана – мәдениет керуені» әскери оркестрлердің І халықаралық әскери-музыкалық фестивалі еліміздің және елордамыздың мәдени өміріндегі жарқын жетістік болатынына күмән жоқ, дейді ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдері. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында ведомство өкілдері Астананың 25 жылдығына арналған шараға дайындық туралы айтып берді.
Әскери оркестрлер фестиваліне Қазақстанның атынан 3 ұжым қатысады

ҚР Қорғаныс министрлігі аппарат басшысының орынбасары полковник Төлеген Бөлежановтың айтуынша, бұл фестивальге Қазақстанның атынан 3 ұжым қатысады. Бұл ҚР Қарулы Күштерінің Орталық әскери оркестрі, Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі және Ұлттық ұланның үлгілі-көрсетілімді оркестрі.

«Бүгінгі таңда музыканттарымыздың дайындық деңгейі өте жоғары. Біз үнемі халықаралық фестивальдерге қатысамыз. Бұл Қазақстанның Қарулы Күштері үшін жылдың ең ауқымды мәдени шарасы», – деді Т. Бөлежанов.

Оның айтуынша, фестивальді өткізу үшін елорданың ең көрікті жерлері таңдалып, қонақтар назарына бай мәдени, ойын-сауық бағдарламасы ұсынылады.

Әрбір оркестрдің репертуарында қазақ композиторларының екі шығармасы бар.