10.07.2023 _ 11:10

ҰБТ қорытындысы бойынша 135 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады – ҒЖБМ

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев биылғы негізгі ҰБТ-ның қорытындысын жариялады. 5 шілдеде еліміз бойынша негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды.

Қазақстанда ҰБТ электронды форматта 43 тестілеу орталығында «бір компьютер, екі камера, бір тестіленуші» қағидаты бойынша өтті. Бұл ҰБТ-ның маңызды артықшылықтарының бірі – әр бала екі мүмкіндігін қолданып, тестіленуші ең жақсы нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады.

Жалпы, негізгі ҰБТ тапсыруға 166 мың талапкер 305 мың өтініш білдірген. Олардың 162 мыңы ҰБТ екі мүмкіндігін қоса есептегенде, 291 мың рет тапсырған.

«Тестілеу қорытындысы бойынша 135 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады. Бұл қатысушылардың жалпы санының шамамен 83%-ын құрайды. Былтырмен салыстырғанда, бұл жоғары көрсеткіш. Былтыр мысалы, 67% болды. ҰБТ-ның орташа баллы өткен жылмен салыстырғанда 7 баллға өсіп, биыл 73 балл болды», – деп нақтылады Қ. Ерғалиев.

Ең жоғарғы көрсеткіш 137 баллды 5 түлек жинаған. Ал 120 баллдан жоғары алған түлектер саны – 2 868. Тест тапсыру тілі бойынша, түлектердің 75%-ы оны қазақ тілінде, 24%-ы – орыс тілінде және 0,1%-ы ағылшын тілінде тапсырған.

Тестілеу бес пән – үш міндетті және екі бейінді пән бойынша өткізілген. Тест тапсырмаларының саны – 120, оның ішінде Қазақстан тарихы пәні бойынша – 20, Математикалық сауаттылық бойынша – 15, Оқу сауаттылығы бойынша – 15 және екі бейінді пән бойынша әрқайсы 35 тапсырмадан болған.

«Биыл ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерлерге арнайы жағдай жасалды. Мысалы, тестілеу уақыты 40 минутқа ұзартылды. Сонымен қатар сызба, диаграммаларсыз сұрақтар жасалды. Осы қабылданған шаралардың арқасында 478 ерекше білім беру қажеттілігі бар тестіленуші ҰБТ тапсырды», – деді Қ. Ерғалиев.