10.07.2023 _ 11:20

Ғылым және жоғары білім министрлігі биыл қандай облыстардың түлектеріне арнайы гранттар бөлінгенін жариялады

ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев грант конкурсына қатысты өтініштердің қалай тапсырылатыны туралы айтып берді.

Биыл ЖОО-ларға түсу үшін түлектердің өтініштерін қабылдау науқаны 13-20 шілде аралығында өтеді. Алыс өңірлерде тұратын талапкерлерге ыңғайлы болуы үшін eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы онлайн өтініш қабылданады.

«Сонымен қатар құжаттарын дәстүрлі, оффлайн форматта тапсырамын дейтіндер болса, олар университетке келіп, қабылдау комиссияларының негізінде тапсыра алады», – деді спикер.

Сондай-ақ виртуалды комиссиялар да жұмыс істейді, яғни бұл университеттер құжаттарды Zoom арқылы қабылдайды.

«Айта кетерлік маңызды нәрсе – құжаттарды кез келген университет арқылы тапсыруға болады. Мысалы, Алматыдағы университетке тапсырамын дейтіндер болса, олар Қостанайдан болсын, Атыраудан болсын, осы виртуалды қабылдау комиссиясы немесе eGov.kz порталы арқылы тапсыра алады», – деді вице-министр.

Демек, биыл түлектер үшін құжат тапсырудың үш нұсқасы ұсынылады – eGov.kz, университетке келіп жеке тапсыру немесе сол университетке виртуалды қабылдау комиссиясы арқылы тапсыру.

Еліміздің ЖОО-ларына бөлінген гранттар саны – 73 мың. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оның 60%-ы инженерлік-техникалық мамандықтарға бөлінді.

«Сонымен қатар халық тығыз қоныстанған батыс және жаңа құрылған облыстардағы жастарға арналған арнайы гранттар бөлінді. Мысалы, Атырау, Маңғыстау облысының әрқайсына 1500 грант, Ұлытау облысына – 300, Жетісу облысына – 300, Абай облысына – 500, Шымкент қаласына – 400 және Түркістан облысына – 500 арнайы гранттар бөлінді. Яғни, бұл гранттар педагогикалық, инженерлік, ІТ мамандықтар мен жаратылыстану ғылымдарына бөлінген», – деді Қ. Ерғалиев.

Биыл педагогикалық квотаға 47% грант бөлінген. Сондай-ақ алғаш рет ауыл шаруашылығы мен инженерлік бағыттарды қолдау мақсатында пилоттық режимде бөлінген арнайы гранттар өңірлік университеттерге берілген.

«Жылдағыдай, білім беру гранттарының иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады. Сонымен қатар тамыздың 25-іне дейін де тиісті құжаттар тапсырылып, әр университет тиісті бұйрықты қабылдайтын болады», – деп түйіндеді вице-министр.