10.07.2023 _ 11:30

ҰБТ тапсыру кезіндегі бұзушылықтар саны бірнеше есе азайды – Ұлттық тестілеу орталығының директоры

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында түлектердің 83%-ы шекті балл жинады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 16%-ға артық. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, ҰБТ-ның орташа баллы 73 құрады, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 66-ға тең болған. Сонымен қатар бірқатар жаңашылдықтар енгізілді. Мәселен, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін емтихан тапсыруға қосымша уақыт берілді, диаграммалары, кестелері бар сұрақтар алынып тасталды және т. б.

ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев атап өткендей, биыл ҰБТ тапсыру кезінде бұзушылықтар саны бірнеше есе азайған. 2020 жылы талапкерден тыйым салынған заттар табылған кезде тестілеуге жіберілмейтіні туралы норма енгізілді. Сөзін нақтылау үшін спикер келесі сандарды келтірді: 2019 жылы ҰБТ-ны 120 мың талапкер тапсырды, ал тәркіленген тыйым салынған заттардың саны 128 мыңды құрады.

«Биыл тестілеуге кіре берісте 402 тыйым салынған зат тәркіленді, олардың иелері тестілеуге кіргізілмеді. Сонымен қатар, ҰБТ тапсыру барысында 302 түлектің нәтижелері жойылды», – деді ҰБТ орталығының басшысы.

Бұл ретте ол постмониторинг 31 қазанға дейін жүргізілетінін атап өтті. Егер әлі де бұзушылықтар анықталатын болса, онда нәтижелер де жойылады. Мысалы, өткен жылы 217 нәтиже постмониторинг барысында жарамсыз деп танылған.

Алайда, әркімнің қайта талаптанып көруге мүмкіндігі бар. Олар ақылы негізде ЖОО-ға оқуға түсу үшін ҰБТ-ны тамыз айында тағы да, бірақ ақылы негізде тапсыра алады.