11.07.2023 _ 14:10

«Бекіре-2023» акциясы барысында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 972 жағдайы анықталды

Биыл 1 сәуір – 31 мамыр аралығында Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында өткен кең ауқымды акцияның нәтижесінде 669 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, браконьерлік, сондай-ақ сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар балық түрлерін пайдалану фактілері бойынша 36 қылмыстық іс қозғалды, заң бұзушыларға 15,7 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды. ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов осындай мәліметтерді келтірді.
«Бекіре-2023» акциясы барысында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 972 жағдайы анықталды

«Заңсыз айналымнан шамамен 68 тонна балық, оның ішінде 1000 кг бекіре балық түрі алынды, 29 кг бекіре балығының уылдырығы, 295 бірлік балық аулау құралы, 76 бірлік су көлігі және 13 автокөлік тәркіленді», – деді спикер.

Сонымен қатар өзен арнасы мен теңіз акваториясын күнделікті тыралдау нәтижесінде су айдындарынан жалпы ұзындығы 74 км-ден асатын 743 бірлік заңсыз балық аулау құралдары алынды

А.Бахияновтың айтуынша, қабылданған шаралар бекіре және басқа да балық түрлерінің уылдырық шашу мерзімінің қолайлы өтуіне септігін тигізді.