12.07.2023 _ 11:10

Үш жыл ішінде Павлодар облысының барлық елді мекендеріне кірме жолдар жөнделеді – өңір әкімі

Павлодар облысында 136 жоба іске асырылуда, облыстық және аудандық маңызы бар 656 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Бұл мақсаттарға 27 млрд теңге көлемінде рекордтық қаржы бөлінді. Бұл туралы ОКҚ алаңында Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған баспасөз конференциясы барысында өңір әкімі Асайын Байханов мәлімдеді.
Үш жыл ішінде Павлодар облысының барлық елді мекендеріне кірме жолдар жөнделеді – өңір әкімі

«Біз 3 жыл ішінде облыстың барлық елді мекендеріне кірме жолдарды жөндеуді көздеп отырмыз», – деді спикер.

Сонымен қатар Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында биыл тамыз айында Павлодарда Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысын бастау жоспарлануда.

Облыс әкімі қоғамдық көлікті дамыту жоспарларына тоқталды. Облыстың үш қаласында биыл жылжымалы құрам жаңартылып, 125 заманауи автобус жеткізілді. Трамвай маршруттарын кеңейтіп, 70-ке жуық трамвайды жаңарту жоспарда бар.  

Жалпы, жыл басынан бері Павлодар облысының экономикасына 235 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артық. Бұл ретте инвестициялардың 84%-ы – жеке инвесторлардың қаражаты.

«Жалпы 2 трлн теңгеден астам сомаға 113 ауқымды инвестициялық жоба іске қосылды, 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады», – деді Асайын Байханов.