12.07.2023 _ 11:20

Екібастұз алдағы жылыту маусымына қалай дайындалуда

Былтырғы жылыту кезеңінен кейін Павлодар облысында инженерлік инфрақұрылымды жаңарту басым бағыт болып табылады. Өңірдің жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 1438 км, орташа тозу деңгейі – 82%. Облыстың үш қаласында 22 млрд теңгеге 52 км жылу желілерін салу, реконструкциялау және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов осындай деректерді келтіріп, Екібастұз қаласында алдағы жылыту маусымына дайындыққа баса назар аударылып отырғанын айтты.
фото primeminister.kz

Өңір басшысының айтуынша, Екібастұзда жылумен жабдықтаудың барлық жүйесін жаһандық жаңарту жүргізілуде.

«Екібастұз ЖЭО-да 2 қазандық жөнделді. Қалған 8 қазандықта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Барлық қажетті материалдар мен жабдықтар сатып алынды, жеткізу және монтаждау жұмыстары жүріп жатыр», – деді өңір басшысы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Жұмыстар мына бағыттар бойынша жүргізіліп жатыр: кешенді жылу техникалық аудит, орамішілік және магистральдық жылу желілерін ауқымды жөндеу, ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстары, әлеуметтік объектілер мен тұрғын үйлерді жылыту кезеңіне дайындау.

«Қазандықтардың бірінші бөлігі жылыту кезеңіне дейін дайын болады, екіншісі – резервтік, қыркүйек-қараша айларында іске қосылады. Екібастұз қаласында -37°-40° С аязда тоқтап қалмауы үшін ЖЭО-да 4 қазандық жұмыс істеуі қажет: 2 су жылыту қазандығы және 2 энергетикалық қазандық. 4 қазандық резервте болады деп жоспарлап отырмыз», – деді спикер.   

Екібастұзда 690 көпқабатты тұрғын үйдің ішінен басқару нысаны жоқ 184 көпқабатты үй анықталды, онда дайындық жұмыстарын қала құраушы кәсіпорындар жүргізеді. Жалпы, бүгінгі таңда 570-ке жуық тұрғын үйдің жылыту маусымына дайындық актілері бар.

«Екібастұз тұрғындарына жылу беріледі. Басқа амал жоқ», – деді Павлодар облысының әкімі.