13.07.2023 _ 14:10

Шетелдік автокөліктерді заңдастыру: қазақстандық есепке 206 мыңға жуық шетелдік автокөлік қойылды

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл 23 қаңтар мен 30 маусым аралығында елімізге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автомобильдерді заңдастыруға өтінімдер қабылданды. Өтінімді уақытылы берген, бірақ автокөліктерін заңдастырып үлгермеген Қазақстан азаматтарына белгіленген мерзімнен кейін заңдастыруға мүмкіндік берілді. ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев заңдастыру барысы жайлы баяндады.
Шетелдік автокөліктерді заңдастыру: қазақстандық есепке 206 мыңға жуық шетелдік автокөлік қойылды

Оның айтуынша, заңдастырылған автокөліктердің басым бөлігі Ресей, Армения, Қырғызстан елдеріне тиесілі.

«Облыстар бойынша автокөліктердің ең көп саны Алматы қаласында – 21 115 бірлік; Ақтөбе облысында – 20 876; Шымкент қаласында – 15 145; Батыс Қазақстан – 14 204; Атырау – 14 197; Қызылорда облысында – 13 695 тіркелген», – деді спикер ОКҚ алаңында.

ІІМ өкілі заңдастыру барысында шешімін тапқан проблемаларға тоқталды. Бірінші мәселе қосалқы бөлшектер ретінде әкелінген көліктер болды. Олар кедендік тазартудан өтпеді және заңдастыруға жіберілмеді.

«Үкімет қаулысына енгізілген өзгерістерге сәйкес 22 мамырдан бастап конструктор-автокөліктерін заңдастыруға рұқсат берілді. Бүгінгі таңда 15 мыңға жуық автоконструктор заңдастырудан өтті», – деді Қайсар Сұлтанбаев.