27.07.2023 _ 14:10

Әскердегі цифрландыру: процестерді оңтайландыру, қаражат пен уақытты үнемдеу

ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында қорғаныс ведомствосының өкілдері ҚР Қарулы Күштерінің цифрлық трансформациясы туралы баяндады. Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, цифрлық жобалардың көбі «Invisible Government» («көрінбейтін мемлекет») аясында жасалады. Яғни, мемлекеттік қызметтер проактивті форматта көрсетіледі.

«Жігіттер, азаматтар ең алғашқы рет қарулы күштерімен 17 жасқа толғанда «танысады». Келесі жылдан бастап тіркеу процесстері автоматты, яғни, проактивті форматқа ауыстырылады», – деді Дархан Ахмедиев.

Спикердің айтуынша, әскери есепке проактивті форматта тіркеу 2024 жылғы 1 қантардан 31 наурызға дейін жүргізіледі.

 Бұл формат процестерді оңайландырып, уақытты үнемдейді.

«Әскери комитетке келер алдында азаматтар құжаттар жинайды, Жеке іс қалыптастырады. Онда 10-нан астам құжаттың көшірмесін жасайтын. Бұған біраз уақыт жұмсалатын, бұл бір күнде бітпейтін іс. Арнайы бір анықтамаларды алу немесе зерттеулерден өту үшін оларды емханаға жіберуі мүмкін, – деді қорғаныс министрінің орынбасары. – Автоматты, яғни, проактивті форматқа ауыса отырып, жыл сайын 1 млрд астам қаражат үнемделеді».