Вице-министр мемлекет жыл сайын өз тарапынан мұқтаж ата-аналарға балаларын мектепке дайындау үшін барынша көмек көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Мұндай санаттағы балалардың саны бүгінгі таңда ел бойынша 450 мыңды құрайды.
«Елімізде мұқтаж отбасыларға қаржылай көмек көрсету үшін Жалпыға бірдей білім беру қоры қалыптастырылған. Биыл осы қордан көмек көрсетуге жататын оқушылар үшін мектеп формасына және оқу құралдарын сатып алуға 18,7 млрд теңге бөлінеді», – деді Е. Оспан.
Жалпыға бірдей білім беру қоры арқылы көрсетілетін қолдау қаражаты жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларға, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алатын, жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз және әлеуметтік көмек алуға құқылы отбасыларға арналған. Сондай-ақ жаңа оқу жылының қарсаңында төтенше жағдай салдарынан жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар да қаржылай көмек алады. Мәселен, Абай облысында өрттен қаза тапқандардың балаларына 500 мың теңге көлемінде материалдық жәрдем көрсетілген.
Оқу-ағарту министрлігі өткен жылы ата-аналар тарапынан келіп түскен өтініштерді ескере отырып, қордан бөлінетін қаржылай көмекті ата-аналардың есепшоттарына тікелей аударуды көздейтін норманы қолданысқа енгізді. Осының нәтижесінде былтырдан бастап ата-аналар осы көмек қаражатын балалар үшін мектеп формасын, аяқ киімді, кеңсе тауарларын өз бетінше таңдап, сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
«Биыл әрбір білім алушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға қаражаттың ең төменгі мөлшері 40 567 теңге болып анықталды. Бұл қаражат көлемі республикада белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейімен айқындалады», – деді вице-министр.
Бүгінде білім беру ұйымдары отбасындағы әрбір оқушыға мектеп жинақтарын сатып алу үшін ата-анасының немесе оларды алмастыратын тұлғалардың есепшоттарына ақша аударуда. Ата-аналар аталған тауарды сатып алғаннан кейін оны растайтын құжатты ұсынуы керек.
«Материалдық көмекті алу үшін әр ата-ана мектеп директорының атына өтініш жазуы шарт. Биыл 3 тамыздағы жағдай бойынша өңірлерде 200 мың балаға немесе көмекке мұқтаж контингенттің 44%-ына жалпы сомасы 8,2 млрд теңгеден астам қаражат есепшоттарына аударылды», – деп нақтылады Е. Оспан.
Оның айтуынша, республика бойынша бір балаға көмек көрсетудің ең жоғарғы мөлшері Павлодар облысында қарастырылған, ол 47 мың 300 теңгені құрап отыр.