04.08.2023 _ 14:32

Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізді

Білім беру ұйымдарына жүйелі мониторинг жүргізу биылғы жылдың мамыр айында басталды. Жаңа оқу жылы қарсаңында барлық мектептердің дайындығы тағы бір кешенді мониторингтен өтті, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Мониторингтің мақсаты – мектептердің оқу жылына дайындығының жай-күйін анықтау, оқушылардың қауіпсіз және жайлы ортада білім алуына жағдай жасау. Оқу нысандарын аралау кезінде мектептердің қазіргі ахуалына, ресурстарына және білім саласындағы НҚА талаптарына сәйкестігіне талдау жүргізілді. 

Әкімдіктермен жоспарланған 193 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталады. Сондай-ақ мониторинг нәтижесінде келісімшартқа сәйкес күрделі жөндеу жұмыстары 51 мектепте жылдың соңында, ал 17 мектепте келесі жылдың басында аяқталатыны белгілі болды.  

Оқу-ағарту министрлігі әкімдіктерге оқу жылы басталғанға дейін оқу бағдарламаларын әзірлеу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдау, оқу процесін ұйымдастыру және оқушыларды білім беру ұйымдарына және кері үйлеріне тасымалдауды ұйымдастыру үшін уақытша білім алу орындарын айқындау туралы ұсынымдар берді.

Министрлік білім беру ұйымдарындағы жөндеу жұмыстарының барысын күн сайын қадағалап отырады. Бұл мониторинг балаларымыздың сапалы білім алуының, білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығын арттырудың негізгі құралы болып табылады.

Осы жылдың тамыз айының соңында министрлік кезекті мониторинг жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.