«Қызылшамен ауыру елдің барлық аймақтарында тіркелуде. Сырқаттанушылықтың өсуінің себебі қызылшаға қарсы жоспарлы вакцина алмаған балалардың артуы болып отыр. Мәселен, ауырғандардың 72%-ы – вакцинациядан өтпеген балалар. Оның ішінде 60%-ы – ата-аналары вакцинациядан бас тартқан балалар, 20%-ы – вакцинацияға медициналық қарсы көрсетілімдері бар балалар, 20%-ы - егу жасы жетпеген балалар», – деді А. Есмағамбетова.
Бүгінде қажетті шараларды қабылдай отырып, қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша жұмыс жалғасуда. Қызылшаның алдын алу, клиникасы, диагностикасы және емдеу мәселелері бойынша медицина қызметкерлерін қайта даярлау жүргізілді. Қызылша ошақтарында вакцинацияланбаған балаларды, сондай-ақ 30 жасқа дейінгі басқа да байланыста болатын адамдарды анықтауға және вакцинациялауға бағытталған эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырылды.
«Қазіргі кезде қызылшаның ошағында 2 мыңға жуық адам егілді. Егу жоспарына сәйкес уақытылы қызылшаға қарсы егілмеген 18 жасқа дейінгі балаларды анықтау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні 47 мыңнан астам бала егілді, жұмыс жалғасуда», – деді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.
Оның айтуынша, халық арасында вакцинациямен басқарылатын инфекциялардың алдын алуда вакцинациялаудың маңыздылығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Балаларды ауыр инфекциялық аурулардан қорғаудың жалғыз жолы вакцинация, деп түйіндеді бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.