10.08.2023 _ 15:45

ҚР Ұлттық музей қорына Абай қолданған самаурын табысталды

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Абай күні мерекесіне орай Ұлттық музей қорына ұлы ақынның қолданған заты – «Тула» самаурынын табыстау рәсімі өтті.
 
1893 жылы жасалған, тарихи құндылығы жоғары жәдігер Абай атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қоры атынан беріліп отыр. Бұл – Семей қаласындағы меценат Бекбай Баисовтың керуен сарайында тұрған, Абай Құнанбайұлы бастаған қазақ зиялылары шай ішкен самаурын.
 
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Арман Жүдебаев Абайдың қазақ мәдениеті мен руханиятына қосқан айрықша үлесін айта келе, қазақтың бас ақыны атанған ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы әлі де толық зерттелмегенін атап өтті.
 
Қазіргі таңда Ұлттық музей қорында Абай Құнанбайұлына қатысты 42 жәдігер сақталған. Олардың арасында ақынның жеке пайдаланған құтысы, көзі тірісінде баспадан шыққан кітаптары және тағы басқа маңызды дүниелер бар