11.08.2023 _ 11:30

5G желісін сату аукционының нәтижесінде жаңа оператор пайда болуы мүмкін - ҚР ЦДИАӨМ

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Телекоммуникация индустриясын дамыту және Қазақстандағы байланыс сапасын жақсарту мәселелерін талқылау барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникация комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов елімізде 5G желісінің таралуы туралы айтып берді.

Комитет төрағасының айтуынша, министрліктің жалпы реттеуші ретіндегі басты мақсаты бәсекелестік орнату және оны одан әрі дамыту болып табылады.

«Осы мәселеге қатысты екі мәселені айтып кеткен жөн. Біріншіден, Үкіметтің «Қазақтелекомның» ішінен екі мобильді оператордың біреуін шығару туралы нақты тапсырмасы бар. Қазіргі таңда ақпарат ретінде айтатыным, инвесторлармен жұмыстар жалғасуда», – деді Е. Мейрамов.

Сонымен қатар спикер жыл соңына дейін осы 5G желісін сату мақсатында тағы да аукцион ұйымдастыру жоспарланып отырғанын, егер сол жақта басқа бір инвестор жеңіп алса, жаңа бір байланыс операторының пайда болуы әбден мүмкін екенін айтты.

Өз кезегінде «Кселл» АҚ басқарма төрағасы Асхат Өзбеков Қазақстан бойынша 5G желісі бойынша бес жыл ішінде 3 мыңнан астам базалық станция құрылуға тиіс екенін жеткізді. Бұл – 5G бойынша аукциондардың нәтижесі.

«Биыл біз республиканың үш қаласында 5G желісін құрамыз. Қазіргі кезде 200-ден астам базалық станция Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан және тағы басқа қалаларда құрылған», – деді «Кселл» АҚ басқарма төрағасы.