15.08.2023 _ 14:30

Шетелден әкелінген автокөліктерді 1 қыркүйекке дейін заңды түрде есепке қоюға болады - ІІМ Әкімшілік полиция комитеті

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген шетелдік көлік құралдарын заңдастыруды уақытылы пайдаланбағандарға және заңнаманы бұза отырып оларды басқаруды жалғастырғандарға қатысты Әкімшілік полиция қандай шаралар қолданатыны туралы айтып берді.
Шетелден әкелінген автокөліктерді 1 қыркүйекке дейін заңды түрде есепке қоюға болады - ІІМ Әкімшілік полиция комитеті

Спикердің айтуынша, заңдастыру науқаны басталар алдында бірқатар заңнамалық актілерге тиісті түзетулер енгізілген. Олардың біріне сәйкес, ескі сақтандыру полистері тек бір жылға жарамды. Осы мерзім аяқталғаннан кейін олар жарамсыз болады, ал жаңасы көлік құралы толық тіркелгенге дейін берілмейді.

«Яғни, сақтандыру мерзімі таусылғандардың бұл көлікті басқаруға құқығы жоқ. Тиісінше, Әкімшілік кодекс шеңберінде оларға бірінші жағдайда 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұзушылық қайта орын алған жағдайда әкімшілік хаттама толтырылады, ал автомобиль айып тұрағына жіберіледі», – деп түсіндірді комитет басшысы.

Мұндай көлік иелерінің арасында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда көлікті сақтандыру полисінсіз, техникалық тексеруден өткізбей басқарған 2 мыңнан астам көлік иесі анықталды. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1700 автокөлік айып тұрағына жеткізілді.

Комитет төрағасы осындай автокөлік құралдарының иелеріне автокөліктер ЕАЭО елдерінен әкелінген болса, онда кәдеге жарату алымын, алғашқы тіркеу және техникалық паспорт беру жөніндегі қызметтер үшін алым төлеуге кеңес берді. Мұндай көліктердің 95 мың иесі ресімдеуден өтіп, тиісті құжаттарын алды.

«Өз көліктерін заңды түрде есепке қойғысы келетіндердің барлығына 1 қыркүйекке дейін мерзім беріледі. Олай жасамаған жағдайда оларға қатысты заңды шаралар қабылданады», – деп түйіндеді Қ.Сұлтанбаев.