21.08.2023 _ 14:30

Алматы қаласына «Тоғызқұмалақ отауы» мәртебесі беріледі

Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті, Алматы тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Тұрсұн Орталық коммуникациялақ қызметіндегі брифингте тоғызқұмалақ бойынша алда өтетін шараларға тоқталды.
Алматы қаласына «Тоғызқұмалақ отауы» мәртебесі беріледі

Ел Президентінің аз шығынды қажет ететін спорт түрлерін дамыту туралы тапсырмасында ұлттық ойын тоғызқұмалақты дамытуды да атап өтті. Соның аясында қыркүйек айының 21-24 аралығында Алматы қаласында ADD спорт кешенінде тоғызқұмалақтан Әлем чемпионаты өтеді. Оған қатысуға 20-дан астам елден өтініш келіп түсіп, қазіргі таңда нақты қатысушылардың нақты тізімі жасалған. Оның ішінде 8-ден астам ел өз елдерінде іріктеу жүргізген. Сайысқа қатысатын 15 және 17 жасқа дейінгі оқушылар, ұлдар мен қыздар жеке-жеке ойнайды, деді спикер.

«Блиц түрі ашық түрде өтеді. Оның жарнасын төлеп, қатыса беруге болады. Сондықтан қазіргі таңда жалпы алғанда 300-дей оқушы қатысады деп жоспарлап отырмыз», – деді Ә.Тұрсұн.

Әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры – 4 млн теңге, ол 32 жүлдеге бөлінбек.

«Тоғызқұмалақ күніне орай Алматы қаласында қалалық әкімдіктің қолдауымен Қазақстанның Гиннестің рекордтар кітабына енуі бойынша іс-шара өткізіледі. 3 мыңға жуық бала бір мезетте ашық аспан астында осы ойынды жүргізеді», – деді Ә. Тұрсұн.

Қазіргі таңда Оқу-ағарту министрлігіне Қазақстандағы мектептер мен колледждердің деңгейінде осы Тоғызқұмалақ күні атап өту туралы ұсыныс жасалған. Сонымен қатар Алматы қаласына «Тоғызқұмалақ отауы» мәртебесі берілмек. Мұның барлығы 9 қыркүйекте өтетін іс-шарада нақты жарияланбақ.