25.08.2023 _ 11:20

Ә. Марғұлан атындағы Археология институты биыл елуден астам ғылыми экспедиция ұйымдастырады

Биыл Ә. Марғұлан атындағы Археология институты 51 археологиялық экспедиция өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында институт директорының ғылым жөніндегі орынбасары Талғат Мамыров айтып берді.

Бұл экспедициялар өңірлік билік өкілдерімен және шетелдік ғылыми мекемелермен ынтымақтастықта бағдарламалық-нысаналы және гранттық жобалар шеңберінде өткізіледі, деп атап өтті спикер.

«Археологиялық материал – бұл тарихымыздың бірегей коды, оған сәйкес ежелгі адамдардың өмір салтын қалпына келтіруге, көші-қон процестерін бақылауға және т.б. болады», – деді отандық археология мектебінің өкілі.

Оның айтуынша, биыл археологиялық зерттеулер бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде, 3 бағдарламалық-нысаналы жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде 2 жоба Солтүстік Қазақстан мен ғұн-сармат кезеңін зерттеуге бағытталған. Бұл археологиялық ескерткіштерге бай аймақ соңғы жылдары ғылымның назарынан тыс қалды.

«Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының аумақтарында барлық хронологиялық кезеңдерді қамтитын 7 ірі экспедиция ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қолда бар объектілерді мониторингтеу және жаңа объектілерді анықтау бойынша кешенді барлау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Солтүстік Қазақстанның тарихи-мәдени мұра объектілерінің толық жиынтығын, осы өңірдің археологиялық артефактілерінің ғылыми каталогын шығару жоспарланған», – деді Т.Мамиров.

Екінші жоба Қазақстан тарихының аз зерттелген ғұн-сармат, халықтардың ұлы қоныс аудару кезеңдерін зерттеумен байланысты. Тарихтың ақтаңдақ беттерін толтыру үшін Қазақстан мен басқа мемлекеттердің ғалымдарымен бірлесіп еліміздің түрлі аймақтарына 10 ғылыми экспедиция ұйымдастырылды.

Сонымен қатар институт Жамбыл облысының аумағында, Арал өңірінде, Ақмола, Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстарында археологиялық ескерткіштерді зерттеу бойынша 13 гранттық жобаны жүзеге асыруда.

«Археология тек қазба ғана емес. Негізгі жұмыс институттың төрт зертханасында жүргізіледі. Зерттеу нәтижелері бойынша биылғы жылы түрлі рейтингтік ғылыми басылымдарда 80-ге жуық мақала жарияланып, 5 монография мен 5 жинақ дайындалуда», – деп түйіндеді директордың ғылым жөніндегі орынбасары.