04.09.2023 _ 11:10

Ұлттық спорт түрлерінен VI фестивалі: жарыс қорытындысы бойынша үздік үш өңір анықталады

Фестиваль нәтижесінде еліміздегі ұлттық спортты жоғары деңгейде дамытып отырған үздік үш өңір анықталады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы директоры Бақдаулет Сәбитов хабарлады. Фестиваль 4-10 қыркүйек аралығында өтеді.

Ұлттық спорттың қайнар көзі – ұлттық құндылықтар мен жауынгерлік өнерден бастау алады.

«Ұлттық спорт түрлерінен өтетін төртжылдықтың басты жарысын қазір ұлттық спорттың ішкі, яғни республикалық олимпиадасы деп те атап жүрміз. Аталған доданың алғашқы жарысы – көкпар ойындары бүгін басталып кетті», – деді Орталық директоры.

ҚР Ұлттық спорт түрлерінің фестивалі биыл алтыншы рет өтіп жатыр. Бұл шараны бір жағынан халықаралық доданың – 2024 жылы Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының алдындағы дайындық деуге де болады.

Асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу, тоғызқұмалақ сияқты 11 ұлттық спорт түрінен 17 облыстан, 7 қаладан бас-аяғы 1362 спортшы тіркелген. Одан бөлек, 500-ге тарта сала мамандары бар.

«Бұл сын спортшылардың ғана емес, еліміздің барлық өңірлері өзара бақ сынасатын алаң. Яғни, фестиваль нәтижесінде еліміздегі ұлттық спортты жоғары деңгейде дамытып отырған үздік үш өңірді анықтайтын боламыз», – деп нақтылады спикер.

Оның айтуынша, фестиваль бағдарламасындағы барлық орындар баллдық жүйемен есептеледі. Нәтижесінде, бірінші орыннан жиырмасыншы орынға дейін барлық өңірлердің деңгейі анықталады.

«Фестиваль өзінің 20 жылдық жолында жан-жақты жетіліп келеді. Кезінде фестиваль бағдарламасында қыз қуу деген өнеріміз де болған. Өкінішке орай, соңғы кездері біз оны спорт түрінен алып, ойын түріне қосып отырмыз», – деді Б. Сәбитов.

Ал былтыр, 2022 жылы ұлттық спорт түріне дәстүрлі садақ ату енгізілген.

Сонымен қатар Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының басшысы фестивальге облыстардың қатысу деңгейіне тоқталды. Жаңадан құрылған Ұлытау және Абай облыстарынан қатысушылар төрт спорт түрінен ғана келсе, Алматы қаласы мен Ақтөбе облысынан 6 спорт түрінен ғана келіп отыр. Дегенмен, Б. Сәбитов ұлттық спорт түрлерінің дамуының қазіргі кезде біркелкі келбет алып келе жатқанын айтты. Яғни, еліміздің тек қана оңтүстігі емес, солтүстігі, шығысы мен батысында бәрінде бір деңгейде мүмкіншіліктер бар.

«Ұлттық спорт жанкүйерлерін бүгіннен бастап 10 қыркүйекке дейін Қазанат ипподромында, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында, «Қазақстан» жеңіл атлетика манежінде, сондай-ақ «Аспан» спорт кешенінде күтеміз», – деп түйіндеді Б. Сәбитов жанкүйер болу арқылы адамдар ұлттық спорттың дамуына үлес қоса алатынын атап өтіп.