04.09.2023 _ 14:10

Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» МКҰ-ның жаңа концерттік маусымы түрлі ауқымды жобаларға толы – А. Райымқұлова

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова 63-ші жаңа концерттік маусымның басталуы туралы баяндады.

Қазіргі таңда мәдениет пен өнердің қара шаңырағы саналатын, 60 жылдан астам тарихы бар Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының 63-ші концерттік маусымы ашылуда. Бүгінгі күні біз өзіміздің көрермендерімізді, тыңдармандарымызды үлкен қуанышпен қарсы алып жатырмыз, дейді ұйым басшысы.

Оның айтуынша, жаңа маусым түрлі қызықты шараларға және әр түрлі ауқымды жобаларға, концерттерге толы болады. Осы концерттік маусымның ашылуы Gala Opening - гала-ашылу деп аталады. Өйткені Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұжымы бірнеше түрлі жанрлы және әртүрлі ауқымды ұйымдардан - оркестр, ансамбльдер, әр түрлі ұжымдар, классикалық, эстрадалық әншілер, аспапшылардан тұрады деп түсіндірді А. Райымқұлова. 

«Біздің ашылуымыз бір күнге сыймайтын болды, сондықтан біз төрт күн бойы өзіміздің концерттік шерулерімізге біздің сүйікті тыңдармандарымызды шақырып, осы күндері үлкен қуанышпен өз өнерлерімізбен бөлісіп отырмыз», – деді ол.

Астана төріндегі «Қазақстан» орталық концерт залында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының концерттік шерулері 2-5 қыркүйек аралығында өтуде. 2 қыркүйек күні өткен бірінші гала концертте дәстүрлі халық музыкасы, классикалық, эстрадалық музыкалардың майталмандары, жас таланттар, ұжымдар өздерінің үлкен концертке дайындықтарымен тыңдармандарын қуантты.

«Залдарымыз толы болды, әр түрлі жанрларда және әр түрлі эстрадалық, классикалық жанрларда концерттерімізді қуана көрсеттік», – деп нақтылады концерттік ұйым директоры.

Ал кеше, 3 қыркүйекте «Тұран» ансамбілінің және ҚР еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев, жас вокалист Айгерім Алтынбек, пианист Дина Мейірманова және жас виолончелист Жұматов Нұрисламбектің қатысуымен Bridge Of Times атты концерт үлкен жетістікпен өтті. Енді, 4-5 қыркүйек күндері аталмыш концерт залында республикадағы бірінші джаз фестивалі өтпек, оған еліміздің барлық өңірлерінен джаз оркестрлері мен джаз ансамбльдері қатысады. Сонымен қатар бұл концерттерге Айжан Нұрмағамбетова, Жанна Орынбасарова, Зарина Божақова, Салтанат Меңдіғалиева т.б. сынды танымал өнер майталмандары қатысады.

«Осы концерттерге сіздерді шын жүректен шақырамыз және біздің гала ашылу концерттік шерулерімізге келеді деп, тыңдайды деп үміттенеміз», – деді А. Райымқұлова.