06.09.2023 _ 13:41

Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру: 2029 жылға қарай ел экономикасының өсу қарқынын екі есеге арттыру жоспарланып отыр

ҚР Үкіметінің отырысында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды, сообщает Primeminister.kz.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бұл Үкіметтің жаңартылған құрамының алғашқы отырысы екенін атап өтті. Осыған орай күн тәртібіндегі негізгі мәселені қарау алдында Үкіметтің жаңа мүшелерінің ант беру рәсімі өтті.

Әлихан Смайылов әріптестерін құттықтай отырып, барлық министрлер межеленген міндеттерді, осыған дейін қабылданған жоспарлар мен тұжырымдамаларды, сондай-ақ Мемлекет басшысының әсіресе соңғы Жолдауда берілген тапсырмаларын орындау қажеттігін атап өтті.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұл құжат экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, азаматтардың әл-ауқатын сапалы өсіруге бағытталған 100 іс-шарадан тұратынын баяндады.

Өңдеу өнеркәсібі саласында ірі кәсіпорындардың ел ішінде шикізатты, концентратты және бастапқы металды кезең-кезеңімен қайта өңдеу жөніндегі міндеттемелері заңнамалық деңгейде бекітіледі. Бұл ретте мемлекеттік қолдау шаралары тек орта және жоғары өңдеу өнімдерін өндірушілерге ғана көрсетілетін болады.

Сонымен қатар отандық қайта өңдеушілерді шикізаттың жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету үшін өндіруші кәсіпорындармен келісімдер жасасудың қолданыстағы ерікті тетігі міндетті сипатқа ауыстырылады. Бұл ретте ерекше бәсекелестік баға белгілеу бойынша қолданыстағы тетік, яғни экспорттық бағадан төмен баға сақталады.

Реттелетін сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру заңнамалық міндеттемелерді енгізу есебінен қамтамасыз етілетін болады. Атап айтқанда, ірі тапсырыс берушілермен офтейк-келісімшарттар, ұзақ мерзімді шарттар жасасуды, сондай-ақ өз өндірісінің айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру жөнінде шаралар қабылдауды көздейтін Жергілікті қамтуды дамыту бағдарламалары қабылданады.

Қорғаныс өнеркәсібінде зауытаралық кооперацияны ескере отырып, әртүрлі калибрлі артиллериялық оқ-дәрілер, атыс қаруы және ұшқышсыз ұшу аппараттары сияқты жаңа өндірістер ұйымдастырылады.

Туризм саласындағы осы жылдың соңына дейін кемінде 15 ірі жобаны айқындау және әкімдердің дербес жауапкершілігін бекіте отырып, арнайы жол картасын бекіту жоспарланып отыр.

Геологиялық барлау жұмыстарын ынталандыру және көмірсутектердің ресурстық базасын ұлғайту мақсатында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске түзетулер топтамасы қабылданады. Сонымен қатар ірі кен орындарында жаңа газ өңдеу зауыттары салынады. Газ тасымалдау жүйесін кеңейту бойынша ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырылатын болады. Сондай-ақ АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізу жоспарланып отыр.

Кәсіпкерлікті одан әрі дамыту бөлігінде «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіру есебінен Шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытудың кешенді бағдарламасы әзірленеді. Кешенді бағдарлама бәсекеге қабілетті және өсуге әлеуеті бар шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталатын болады. Сондай-ақ бизнестің санатына және технологиялық күрделілік деңгейіне байланысты қолдау шараларының кең спектрі бар топтамалық шешімдер енгізіледі.

Бұдан басқа, орта бизнес сегментін кеңейту және кәсіпкерлерді бөлшектенуге ынталандырмау мақсатында кәсіпкерлік субъектілерінің өлшемшарттары (кіріс, жұмыскерлер саны) қайта қарау жоспарланып отыр.

«KazakhExport» базасында экспорттаушылардың қолдау шараларына қол жеткізуін жеңілдетуге мүмкіндік беретін толыққанды экспортты ілгерілету институты құрылады.

Мемлекеттік сатып алу бойынша жинақталған проблемаларды шешу үшін бүгінгі таңда тиісті заң жобасы әзірленді. Ол сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды, сатып алу процесін оңайлатуды, сатып алуды өткізу мерзімдерін қысқартуды көздейді. Жақын арада заң жобасы Парламент Мәжілісіне енгізілетін болады.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерін бәсекелестік ортаға беру немесе оларды қайта ұйымдастыру жалғасады. Осы жылдың соңына қарай КЕГОК компаниясында,, ал 2024 жылы – «Эйр Астана», 2025 жылы – «QazaqGaz», «Қазақстан Темір Жолы», «Самұрық-Энерго» компанияларында 5%-ға дейін IPO/SPO жүргізіледі деп күтіліп отыр. Халықтық IPO-да «ҚазМұнайГаз» IPO-сы сияқты ел азаматтарының өтінімдері басым тәртіппен қанағаттандырылады.

Агроөнеркәсіп кешенінде бастапқы өндірістен неғұрлым жоғары өңдеу өнімін шығаруға көшу мақсатында терең өңдеуге арналған инвестициялық субсидиялау нормативтері 50%-ға дейін арттырылатын болады. Солтүстік Қазақстан облысының ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша табысты тәжірибесі құс фабрикаларын, көкөніс сақтау қоймаларын және етті мал шаруашылығы кәсіпорындарын салуға қолданылады.

Машина-трактор паркін жаңарту мақсатында ауыл шаруашылығы техникасын инвестициялық субсидиялау мен лизингті қаржыландыру ұлғайтылады. «Білім – ғылым – өндіріс» тиімді жүйесін қалыптастыру үшін Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы қатарласа интеграцияланған агротехнологиялық хабқа трансформацияланатын болады.

IT-қызметтер экспортының көлемін $1 млрд-қа дейін ұлғайту үшін 2026 жылға қарай Оңтүстік-Шығыс Азия және Таяу Шығыс елдерінде IT-хабтар ашу жоспарланып отыр. Жасанды интеллект саласын дамыту мақсатында ірі халықаралық құрылыммен бірлескен кәсіпорын құру мәселесі пысықталатын болады.

Саланың тартымдылығын арттыру, сондай-ақ отандық және шетелдік инвесторларды венчурлық қаржыландыруға ынталандыру үшін заңнамалық түзетулер енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар олар инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау есебінен ірі деректер орталықтарының құрылысына инвестициялар тартуға бағытталатын болады.

Республика бойынша біртұтас IT-экожүйені дамыту мақсатында өңірлерде Astana Hub үлгісі бойынша технологиялық хабтарды ашу мәселесі пысықталатын болады. Бұдан басқа еліміздің барлық мектебі отандық білім беру ресурстарына қол жеткізу кезінде тегін интернет-трафикпен қамтамасыз етілмек.

Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін іске асыру аясында Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізі арқылы тасымалдау көлемін ұлғайту бойынша жұмыс жалғасады. Сондай-ақ мультимодальды тасымалдарды дамыту және сол үшін қажетті инфрақұрылымды құру көзделеді.

Автомобиль жолдарын сапалы реконструкциялау бойынша ұзындығы 4,7 мың км негізгі автожол жобалары айқындалды. Бақылауды қатаңдатуға қатысты инженерлік және авторлық қызметтердің жауапкершілігін күшейте отырып, сапаны бақылаудың бірыңғай республикалық жүйесі енгізілетін болады. Бұдан басқа 2025 жылға дейін жаңа технологиялар мен әлемдік тәжірибені ескере отырып, автожол саласының қолданыстағы 1 200 нормативі қайта өңделіп, оңтайландырылатын болады.

Білім алудағы теңдікті қамтамасыз ету үшін цифрлық білім беру ресурстары тегін қолжетімді болады. Сонымен қатар бес жастан жоғары балаларды қамтитын «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу көзделіп отыр. Жоба білім алуға жеңілдетілген несие мен сараланған грант алу тетігін интеграциялауды көздейді.

Еңбек нарығын техникалық және жұмысшы мамандықтарын игерген азаматтармен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік тапсырысты ұлғайту бойынша жұмыс жалғасады.

Азаматтарды тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесімен қамтуды кеңейту және оларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Отбасы банктің» жұмысы облыс орталықтарынан аудандарға, моноқалалар мен ауылдарға қайта бағытталатын болады.

Ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеге дейін арттыру мақсатында «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына өзгерістер енгізілетін болады.

Платформалар арқылы жұмыспен қамтуды реттеу аясында пилоттық режимде интернет-платформаларды пайдалана отырып, қызметтер көрсететін адамдарды салықтық әкімшілендірудің өзгеше тәртібі сынақтан өткізілетін болады.

Зиянды еңбек жағдайларында жұмыспен қамтылған адамдарды қолдау үшін арнайы әлеуметтік төлемді енгізу мақсатында тиісті заңдарға түзетулер енгізілетін болады. Сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы және Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданатын болады.

Жалпы жоғарыда аталған және басқа да бірқатар шараны іске асыру 2029 жылға қарай экономиканың өсу қарқыны мен көлемін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. 2028 жылға қарай республиканың ЖІӨ-сі $475 млрд-қа дейін өседі деп күтілуде. Бұған, атап айтқанда, инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен өңдеуші өнеркәсіп пен АӨК-тегі оң динамика ықпал ететін болады. Инвестицияларды игеру аясында құрылыс саласында тұрақты өсім күтілуде. Нақты сектордағы өндірісті ұлғайту қызмет көрсету секторын дамытуға ықпал етеді.

Премьер-Министр ұсынылған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы Жолдауда айтылған барлық бастама мен тапсырманы қамтитынын атап өтті.

«Құжат жедел экономикалық өсімге, инфрақұрылым мен инновацияларды дамытуға ықпал ететін жаңа экономикалық саясатты іске асыру жөніндегі маңызды міндеттерді шешуге бағытталған. Бұл, сайып келгенде, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына әсер етеді», — деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-Министрдің айтуынша, аталған шараларды тиімді іске асыру, бірінші кезекте министрлер мен әкімдердің, сондай-ақ, тұтастай алғанда, экономикалық саясатты іске асыруға жауапты Үкіметтің үйлесімді және жедел жұмысына байланысты болады.

«Барлық мемлекеттік орган мен әкімдік Жоспарды бірден орындауға кірісуі қажет. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары көзделген іс-шаралардың сапалы және уақытылы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Қаржыландыруға қатысты барлық мәселе пысықталуы керек», — деді Әлихан Смайылов.