20.09.2023 _ 15:35

2024 жылғы 1 қаңтарда балаларға Ұлттық қордан қаражат төлене бастайды

Мәжіліс Ұлттық қордан балаларға төлем жасау туралы заң жобасын мақұлдады.

«Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50% балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақ шоттарына аударылады. Бұл қаражатқа олар болашақта тұрғын үй жағдайын жақсартып немесе білім ала алады. Тұрғын үй сатып алуға немесе жақсартуға Қазақстан аумағында ғана рұқсат етіледі, ал білім алу үшін шетелдік оқу орнында оқуға мүмкіндік бар», – деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі. 

Жинақ және төлем тетігі 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Әрбір баланың шотына оның туғаннан немесе Қазақстан азаматтығын алған кезден бастап 18 жасқа толғанға дейін бағдарламаға қатысқан тиісті жылы үшін бірдей сома аударылады. Тек шотта жинақталған қаражатты 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайдалануға мүмкіндік беріледі. Алайда балалар азаматтықты өзгерткен немесе жоғалтқан кезде бұл құқығынан айырылады. Сонымен қатар төленетін қаражат салық салудан босатылады. 

Заң Сенатқа жіберіледі.