25.09.2023 _ 14:10

«Астана Опера» театры «Қаңбақ шал» алғашқы ұлттық балалар операсының премьерасын әзірлеуде

«Астана Опера» театры өзінің 11-ші театр маусымын аша отырып, дәстүр бойынша талғампаз көрермендерінің назарына ұлттық классиканың жауһары - «Абай» операсын ұсынды. Осы және белгілі шығармашылық ұжымның көрермендеріне қандай тосынсый дайындап отырғаны жайлы «Астана Опера» педагог-репетиторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Сейтбеков Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында айтып берді.

«Жаңа маусымда 15 қыркүйекте балет труппасы «Золушка» спектаклін ұсынды, бұл сәнге айналған қойылым, оны әлі көрмегендердің бәріне көруге кеңес беремін. Сценография, жарықпен безендіру, костюмдер мен реквизиттер, кинематографиялық тәсілдер көрермендерге керемет әсер қалдырады», – деді спикер.

Сондай-ақ театр өкілі өткен демалыс күндері Грузия астанасында опера труппасының гастрольдері зор табыспен өткенін хабарлады. Тбилисидегі гастрольдер айтулы оқиға болды. Қазақ опералары мен аспаптық нөмірлердің үлкен блогынан тұратын әсерлі гала-бағдарлама ұсынылды, сондай-ақ әлемге әйгілі композиторлардың операларынан танымал ариялар мен ансамбльдер шырқалды.

«Қазір біздің балет труппамыздың желтоқсан айында «Щелкунчик» жаңа жылдық балетін ұсыну жоспарланып отырған «Дубай опера» сахнасындағы гастрольдік сапарлары туралы келіссөздер жүргізілуде. Жалпы, маусымның бірінші жартысы өте қарқынды болады, өйткені біз сонымен қатар балалар репертуары бойынша жұмыс істейтін боламыз. К. Байсейітова атындағы камералық залдың сахнасында театр Бала-театр деп аталатын жаңа жобаны ұсынады және оның аясында Ж. Дастеновтың «Қаңбақ шал» ұлттық балалар операсының премьерасы өтеді», – деді Р. Сейтбеков.

Биылғы жылы театр сонымен қатар ұлттық сыйлықты – Ұмай байқауын өткізеді. Жақында байқауға қатысушылардан өтінімдерді қабылдаудың басталатыны туралы жарияланады. Тағы бір маңызды жоба, театрдың мақтанышы – «Астана Опера» халықаралық опера академиясының жұмысы. Өткен мерейтойлық маусымда театр алғашқы қарлығаштарын ұшырды. Биыл Astana Opera халықаралық опера академиясы бірегей шығармашылық жобаға қатысуға үміткерлерді іріктеу үшін өтінімдер қабылдайды. Әлемнің түрлі елдерінен үміткерлерді үш конкурстық тур күтеді, олардың біреуі өткен болатын, қазылар алқасының қорытындысы бойынша 10 жас талантты вокалист таңдалады. Олар жыл бойы еліміздің бас театрының қабырғасында үздік шетелдік және қазақстандық коучтардың дәрістерінде өз шеберліктерін арттыратын болады, деді театр өкілі.