27.09.2023 _ 14:20

Тұрмыстық газ баллондарын жанармай құю станцияларында толтыруға заң бойынша тыйым салынады - ТЖМ

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте алдағы жылыту маусымындағы қауіпсіздік мәселесі көтерілді. ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Марғұлан Аманбаев осы бағыттағы шаралар туралы айтып берді.

Жылыту кезеңіндегі проблемалық мәселе – тұрмыстық газды пайдалану. Жыл сайын ел бойынша табиғи және сұйытылған газбен уланудан 20-ға жуық адам қаза болады, ал газ баллон қондырғыларының жарылыстары адамдардың жаппай қаза болуына әкеледі. 

«Биылғы жылғы 17 сәуірде Жаңаөзен қаласындағы тұрғын үйде газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан 4 адам қаза тапты, оның ішінде 1-еуі бала», – деді спикер.

Өрт қауіпсіздігіне байланысты жағдай азаматтардың ескірген немесе мерзімі өткен баллондарды пайдалануы себебінен күрделене түседі. Тұтынушылардың көпшілігі өз баллондарын жақын маңдағы жанармай құю станцияларында толтырады.

«Халықтың назарын мынаған аударғым келеді - заң бойынша жанармай құю станцияларында тұрмыстық баллондарды толтыруға тыйым салынады, бұл Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарын бұзу болып табылады», – деді Марғұлан Аманбаев.

Елімізде соңғы жылдары газ баллоны жабдығымен жұмыс істейтін автокөліктер саны едәуір өскен. Осыған орай, адам өлімі мен материалдық шығынға әкеп соқтыратын түрлі төтенше жағдайлардың қауіптілігі бірнеше есе артты.

«Жабық автотұрақтарда және сауда орындарындағы паркингтерде газ баллоны жабдығымен жабдықталған автомобильдердің өртенуі әсіресе қауіпті. Мұндай өрттердің негізгі себептері – «қолдан жасалған тәсілмен» газбаллон жабдығын орнату, технологиялық процесті бұза отырып, біліктілігі жоқ мамандардың жұмыстарды жүргізуі, сондай-ақ тиісті қызмет көрсетудің болмауы», – деді Марғұлан Аманбаев. 

Биыл 24-26 тамыз аралығында алғаш рет газ баллон жабдығы қойылған көлік құралдарын пайдалану кезінде заңнама нормаларының сақталуына бақылау жүргізу мақсатында ТЖМ ІІМ-мен бірлесіп, «Газбаллон» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. 

«Полиция қызметкерлері, ТЖД қызметкерлері, көлік бақылау инспекциясы өкілдері мен қоғамдықпен бірлескен мобильді топтар автожолдар мен паркингтерде 638 рейдтік іс-шара өткізді. 410-баптың 1-бөлігі бойынша 38 адам, 590-баптың 7, 10-бөліктері бойынша 641 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп нақтылады ТЖМ өкілі. 

Бұдан басқа, газ баллон жабдығын автокөлікте орнату кезіндегі қауіпсіздік талаптарын түсіндіру мақсатында, көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындарымен 379 жиын өткізіліп, ұйым басшыларымен 46 дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Түсіндіру жұмыстарымен 10 мыңға жуық тұрғын мен 6 мыңнан астам жүргізуші қамтылды.