11.10.2023 _ 13:17

Қазақстандық педагогтерді атестаттау жүйесі жетілдірілуде

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша педагогтерді аттестаттау жүйесін жетілдіру жұмысы басталды. Атап айтқанда, Ұлттық платформа базасында педагог қызметінің нәтижелерін қалыптастыру процесі автоматтандырылуда, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Аттестаттау тәртібіне өзгерістер енгізу мақсатында осы жылдың мамыр айында жұмыс тобы құрылып, оның құрамына білім берудің әр деңгейі бойынша педагогтер мен сарапшылар кірді. Бiлiм берудiң барлық деңгейлері мен педагогикалық лауазымдардың ерекшелiктерiн анықтау бойынша жұмыстар жүргiзiлдi. Нәтижесінде әр білім деңгейі бойынша жеке лауазым санаты үшін бағалау критерийлері мен тиімділік көрсеткіштері әзірленді. Әр біліктілік санаты үшін белгіленген критерийлер сараланды. Бұдан басқа, сабақты бақылаудың автоматтандырылған түрі әзірленді, ол нақты сабақ мысалында сынақтан өткізілді.

«Атестатталатын педагог платформадағы өзінің жеке кабинеті арқылы аттестациядан өтуге өтінімді өз бетінше бере алады, мұнда интеграциялық әдіс қолданыла отырып, мұғалімнің жеке деректері, білім алушылардың оқу үлгерімі мен білім сапасы, олимпиадалар мен жобалардағы нәтижелері, біліктілікті арттыру курстары, ПББ нәтижелері және т.б. ақпараттар жинақталған. Сондай-ақ, педагогика мен оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталды. Педагогтің кәсіби шеберлігі тек оқытылатын пәні бойынша және ол өз санатын модератор мен сарапшы дәрежесіне көтеруге өтініш бергенде ғана бағаланатын болады. Жоспарланған жаңа өзгерістерге сәйкес, педагогтің жоғары кәсіби деңгейі мен табысты қызметі оқушыларының жетістіктеріне тікелей байланысты болмақ», - деді орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.

Педагогтерді аттестациялаудың жаңартылған жүйесі 2024 жылдың қаңтар айынан бастап еліміздің төрт облысында: Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында пилоттық режимде іске қосылады. Жобаны толық іске асыру 2024 жылдың көктемінде басталады деп жоспарлануда.