16.10.2023 _ 11:10

Қазақстанда орман қорын молайту бағытында жұмыс жүргізілуде

Бүгінгі күнде орман қорында 2 млрд көшет отырғызу жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы 2020 жылғы Жолдауында 5 жыл ішінде республикамыздың орман қорында 2 млрд және елді мекендерде 15 млн ағаш түптерін отырғызуды тапсырған болатын.

«Облыстардың әкімдіктері мен инистрліктің ведомстволық бағыныстағы ұйымдары 2021-2025 жылдарға арналған ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жоспарларын бекітті. Кешенді жоспарларға сәйкес: жергілікті атқарушы органдар – 1,5 млрд-тан астам көшет, Экология және табиғи ресурстар министрлігі – 251 млн көшет, және басқа да табиғатты пайдаланушылар 210 млн көшет отырғызуы тиіс», – деп хабарлады ведомство басшысы.

Сонымен қатар, орманды молайту шараларына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшін министрлік Қазақстан Ғарыш сапарымен бірлесіп көшеттерді отырғызу жұмыстарын көрсететін интерактивті карта жасады.

Бұған қоса, министрдің айтуынша, атқарылып жатқан жұмысты талдау және үйлестіру мақсатында арнайы штаб пен бақылау және мониторинг топтары құрылды.

«2021-2022 жылдардағы ағаш егу жұмысы бойынша  жоспарлар толық көлемде орындалды: жалпы ауданы 232,4 мың гектарға 421,2 млн көшет отырғызылды», – деп есеп берген Е.Нысанбаев 2021 жылы орман дақылдарының өміршеңдігі орташа есеппен 71,7%-ды, ал 2022 жылы – 65,3%-ды құрағанын жеткізді. 

Сонымен қатар, республикада 2741 гектар алаңда 218 орман питомнигі жұмыс істейді. Алдағы уақытта осы питомниктерді 294 гектарға кеңейтіп, 190 гектарға жаңа орман питомниктерін құру жоспарлануда. Осы питомниктер толық іске қосылуы белгіленген жұмыс көлемін орындауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, сала басшысы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында Арал теңізінің құрғаған түбінде орман мелиорациялық жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. 

Оның ақпаратына сәйкес, сексеуіл отырғызу жұмыстары 2021 жылы 101 мың гектарда және 2022 жылы 250 мың гектарда жүргізілді. Бүгінгі күні отырғызылған сексеуілдің жалпы алаңы 546 мың гектарды құрайды және 2025 жылға дейін 1,1 млн гектарға жеткізу жоспарланып отыр. 

Елді мекендерге 15 млн көшет отырғызу тапсырмасы бойынша да нақты жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының елді мекендерін көгалдандыру және жасыл аймақтарды құру бойынша өңірлік жоспарлар бекітілді. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын 3 млн көшет егіледі. 2021-2022 жылдары 7 млн, ал биылғы жылы 1,1 млн көшет отырғызылды, осы жылдың желтоқсан айына дейін жоспар толығымен орындалатын болады, деді министр.