16.10.2023 _ 13:38

Шымкент қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді

Қазақстан Республикасының Үкіметі Шымкент қаласын дамытудың 2035 жылға дейінгі жаңа бас жоспарын бекітті. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды, сообщает Primeminister.kz.

Еліміздің ірі өнеркәсіп, сауда және мәдени орталықтарының бірін кешенді дамыту аясында тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғаяды, жаңа өндіріс аймақтары, айналма т/ж тармағы және өткізу қабілеті тәулігіне 20 мың жолаушы болатын вокзал ашылмақ. Сондай-ақ мегаполисті жаппай көгалдандыру жоспарланған.

Өнімділікті арттырып, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын жақсартуды, отандық тауарларды шетел нарықтарына шығаруды қолдауды, қолданыстағы мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды іске асыру аясында тиісті инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз ететін тиімді өнеркәсіп, инфрақұрылымдық, инвестициялық және сауда саясатын жүргізу арқылы қала экономикасының салаларын дамыту жалғаспақ.

Өнеркәсіп аумақтарын жаңғырту мәселелеріне көп көңіл бөлінетін болады. Олардың аумағын 2035 жылға дейін жаңа индустриялық аймақтарды салу есебінен 5 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Онда перспективалы 14 өнеркәсіп кластері дамитын болады.           

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2035 жылға қарай қаланың әлеуметтік-экономикалық салаларында 1 млн-нан астам жұмыс орны болады деп күтілуде.

Қала шекарасы қазіргі аумағында қалады, алайда тұрғындар қаладағы тыныс-тіршілік үшін қолайсыздау аумақтардан қаланың экологиялық жағынан неғұрлым орнықты және абаттандырылған аудандарына көшірілмек. Аумақтың үштен бірінен астамында тұрғын үй және қоғамдық нысандар бой көтермек.

Сонымен қатар экологиялық тәуекел аймақтары жойылады, Бадам, Қошқарата, Қарасу және Сайрамсу өзендерінің су қорғау белдеулері мен аймақтарының жобаларын әзірленеді.

Тұрғындарға ақпараттық-коммуникациялық қызметтердің кең спектрін ұсынуға мүмкіндік беретін Next Generation Network технологиясын пайдалана отырып, телекоммуникациялық желілерді кеңейту және жаңғырту мәселелері жеке қаралмақ.

Сондай-ақ су құбырының қолданыстағы аймақтық жүйесінің өнімділігін арттыру, тыныс-тіршілік ету ортасының жайлылығын жақсарту жоспарланған.