16.10.2023 _ 16:10

«Келінжан» – қазақстандық сериал өндірісінде бесінші маусымы түсірілген алғашқы телехикая – «Хабар» телеарнасының директоры

«Келінжан» –  қазақстандық сериал өндірісінде бесінші маусымға жалғасқан алғашқы телетуынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз конференциясында «Хабар» телеарнасының директоры Жайна Жақсылықова хабарлады.

Оның айтуынша, отбасылық құндылықтарды насихаттайтын, көпшілік асыға күтетін телетуынды «Келінжан» сериалы 2018 жылдан бастап түсіріліп, бес маусымда 126 сериясы көреренге жол тартқан. 

«Әр маусымы –тарих, әр акейіпкері – бір төбе... Көрсеткіштері жақсы екені өз-өзінен түсінікті. Мысалы, қырүйек айынан бастап бес апта бердік. Орташа көрсеткіші 13,1%  болды. YouTube-те одан да көп, жалпы жиыны 300 миллион қаралым болған. Соңғы бесінші маусымның өзін 51 миллионнан астам қаралым жинады», – деді Ж.Жақсылықова. 

Сондай-ақ, телехикаяның алғашқы төрт маусымы халықаралық дистрибуцияда да үлкен сұранысқа ие болған. Мысалы, ресейлік платформадағы рейтингі 8,3-ке жеткізіп, көрерменнің оң бағасын алған. 

«Хабар» телеарнасының директоры сонымен қатар, «Келінжан» сериалына кәсіби тұрғыда да баға берілгенін атап көрсетті. Былтыр көктемде отандық телехикая «Наурыз» фестивалінде «Тұмар» сыйлығының иегері атанғаны белгілі.