18.10.2023 _ 14:20

Digital Bridge 2023 барысында IТ-инновацияларды дамыту туралы 29 меморандум мен келісімдерге қол жеткізілді – Е. Ерманов

Digital Bridge 2023 форумы барысында 30-ға жуық түрлі келісімге қол жеткізілді. Бұл туралы ОКҚ баспасөз конференциясында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов хабарлады. Мемлекеттік органдардың, ірі компаниялардың, халықаралық технопарктердің және басқа да ұйымдардың өкілдері IT-инновацияларды дамытуға бағытталған құжаттарға қол қойды.

ЦДИАӨМ 3 меморандумға қол қойды, оның ішінде ICPC қорымен 2024 жылы Қазақстанда бағдарламалау бойынша әлем чемпионатын өткізу туралы келісім бар. Astana Hub халықаралық технопаркі Орталық Азия өңірінде технологиялық стартаптардың экожүйесін дамытуға, Қазақстанның венчурлік нарығын дамытуға бағытталған 8 меморандумға қол қойды.

«Digital Bridge 2023-тің тағы бір ерекше оқиғасы стартаптар туралы Meet the Drapers реалити-шоу бағдарламасының түсірілімдері болды. Форум барысында америкалық реалити-шоудың 7-ші маусымының бірінші эпизоды түсірілді, онда төрт қазақстандық стартап $1 млн көлемінде инвестиция алу мүмкіндігіне таласып, өз өнімдерін инвесторларға таныстыра алды. Тим Дрейпер Қазақстанның цифрлық саладағы ілгерілеуін жоғары бағалап, министрліктің жұмысын, Astana Hub - тың стартаптардың мықты қоғамдастығын қалыптастырудағы маңызды рөлін және оның жастарға оң әсерін атап өтті», – деді спикер.

Сондай-ақ форум аясында алғаш рет Google for Startups саммиті өтті. Онда Google for Startups акселерация бағдарламасына қатысатын компанияның 15 әріптес елдерінің өкілдері Қазақстанға келіп, өздерінің сараптамалық іс-шарасын ұйымдастырды. Бұл Silkway Accelerator шеңберіндегі Google for Startups және Astana Hub арасындағы табысты ынтымақтастықтың логикалық дамуы болды. Аталған бағдарлама арқылы біздің өңірден 37 стартап өткен, ал олардың жалпы капиталдандырылуы $400 млн құрайды.

Сонымен қатар, көптеген көрмелер мен түрлі аймақтар ұйымдастырылды. Оның ішінде метаәлемде өткен Job Fair жұмыс жәрмеңкесін атап өтуге болады. Онда 20 ірі компаниядан 500-ден астам бос жұмыс орындары ұсынылды. Жәрмеңкеге әлемнің кез келген нүктесінен онлайн қатысу мүмкіндігі жасалды. 

Ал робот техникасы аймағында оқушылар мен студенттердің ауыл шаруашылығы, аэроғарыш құрылысы және киберқауіпсіздік салаларындағы инженерлік-техникалық жобалары ұсынылды. Форумға келушілер FIRST Global Challenge 2023 халықаралық чемпиондарымен әңгімелесі мүмкіндігіне ие болды. Робот техникасынан аталған әлем чемпионаты биыл Сингапурда өткен болатын.  Сонымен бірге әлемнің 190 елінің командалары арасында үздік деп танылған жобалармен мұқият танысуға мүмкіндік жасалды.